Түркітану және үндітану кафедрасында «Алтын күз» атты байқау болып өтті.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті түркітану және үндітану кафедрасының оқытушылары А. Назарова, Г. Теменова және Ш. Садуовалардың ұйымдастыруымен 2011 жылы қарашаның 15-де сағат 17:00-де № 14 жатақханада студенттер арасында «Алтын күз» атты байқау болып өтті. Бұл кеш, жыл сайын айналаны сары түске бояап, алтындай жарқыраған күзбен қоштасудың кезі келгенін аңғартқандай болды. Кешке кафедра оқытушыларымен бірге Түркия Республикасы Стамбул университетінің профессорлары Хаяти Девели мен Мехмет Арслан мырзалар да қонақ ретінде қатысып тамашалады.

Кеш барысында 1 және 2 курс студенттерінің арасынан 4 жұп таңдап алынды. Бұл жұптар: «Алма», «Шие», «Шабдалы» және «Банан» деген атпен шығып өздерін таныстырды. Одан кейін өз ойларынан ойлап шығарған киім үлгілерін ұсынды.Ұсынылған киім үлгілерінің барлығы да өз қолдарымен тігілген әдемі киімдер еді. Олардың бұл жұмыстары ізденімпаздылық, шеберлік және талғамдарының өте жоғары екендігін көрсетеді. Сайыстың үшінші кезеңінде, әр топ өз өнерлерін күзбен байланыстырып көрсетті. Олардың көрсеткен өнерлері де бірінен бірі асып түсті. Сайыстың соңғы кезеңі үй тапсырмасы: жеміс-жидек немесе көкөністерден тағамдар әзірлеу болды. Үй тапсырмасын орындауда да студенттер өз шеберліктерімен көзге түсті.

Кеш соңында қонақтар сайысты қорытындылай отырып, алған әсерлерімен бөлісіп студенттерге ізгі-тілектерін білдірді. Әділ-қазылардың шешімімен І орынды «Шие» жұбы, ІІ орынды «Банан» жұбы, екі ІІІ орынды «Шабдалы» және «Алма» жұптары иеленді және оларға мадақтау қағаздары мен сыйлықтар берілді.