Шығыстану факультетіндегі кездесу

ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНДЕГІ КЕЗДЕСУ

17 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің оқытушылары мен ұстаздары осы факультеттің түлектері, қазіргі кезде араб елдерінде Қазақстан Республикасының төтенше және өкілетті елшілері болып қызмет атқарып жүрген Азамат Бердібай мен Қайрат Лама Шарифпен кездесті.

Кездесуді факультет деканы профессор Нұржамал Әбдіразаққызы Алдабек ашып, қонақтарды таныстырды. Азамат Бердібай қазір Қазақстан Республикасының Қатар мемлекетіндегі төтенше және өкілетті елшісі. Ол шығыстану факультетінің негізі болып табылатын араб бөлімін 1987 жылы бітірген, дипломатиялық қызметке ауысқанға дейін, өзінің қызмет жолын арабтану кафедрасында оқытушылықтан бастаған. Ал Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Лама Шариф осы арабтану кафедрасының 1990 жылғы түлегі.

Арабтану кафедрасының меңгерушісі филол.ғ.д., профессор Гүлнар Ермұратқызы Надирова Қайрат пен Азаматтың студенттік кездері туралы әңгімеледі. Қазіргі елшілер оқыған топта 1981 жылы оқуға түскенде 25 студент болған, солардың бәрі әлі күнге дейін кафедрамен хабарласып, байланысын үзбей келеді. Гүлнар Ермұратқызы қазіргі уақытта араб елдерінде дипломатиялық қызметте жүрген жігіттердің бәрінің өзінен дәріс алып, ерекше қабілетті болғандарын студенттерге қызғылықты баяндады.

Елшілер оқыған топ сол кезде «С.М.Киров атындағы топ» деген атақ алған үздік топ болған еді. Елшілермен бірге оқыған курстастары Абылай хан университетінің доценті Дина Есенжан мен арабтану кафедрасының доценті Ақбота Ахметбекова да өздерімен бірге оқыған курстастарын, оқытушыларды, студенттік өмірлеріндегі есте қалған қызықты оқиғаларды естеріне алысты. Олар өздері оқыған кездегі студенттердің оқулықтың жетімсіздігіне, қазіргі кездегідей техникалық құралдардың болмағанына қарамастан, оқуға, тілді меңгеруге деген құштарлықтарының зор болғандығын айтып, осындай елшілердің, 8 ғылым докторы мен ғылым кандидатының шығуына бірден-бір себеп болған өздерін оқытқан ұстаздарының қажырлы еңбегі мен өздерінің бойындағы құштарлық, энтузиазм екенін жеткізді. Өздерінің ерекше ілтипатының рәмізі ретінде профессор Г.Е.Надироваға гүл шоғын сыйлады.

Бұл кездесуге факультеттің досы және жанашырларының бірі халықаралық «әл-Уақф» қорының директоры Алаеддин әл-Бадри мырза қатысып, өз кезегінде араб тілі мен мәдениетін таныстырудағы Қазақстан елшіліктері мен шығыстану факультетінің атқарып жатқан рөліне рақмет айтты.

Сөз алған елшілер өздері білім алған университеті мен факультеттеріне деген ерекше ыстық сезімдерін білдіріп, Қазақ ұлттық университетіндегі Түлектер Ассоциациясының форумына шақырғандарына, сонымен бірге кездесу ұйымдастырғандары үшін университет, факультет басшылығына рақметтерін айтты. «Біз қайда жүрсек те, өзіміз білім алған оқу ордасын ешқашан ұмытқан емеспіз және ұмытпаймыз да. Университеттің атына кір келтірмеуге тырысып келеміз» деп, жүрекжарды сөздерін жеткізді, ыстық ықыластарын білдіріп, өздерінің ескерткіш сыйлықтарын тапсырды.

Елшілердің сөзінен кейін студенттермен диалог жүрді. Студенттердің көкейлерінде жүрген сауалдарына қонақтар шын ықыластарымен жауап берді.

Осы кеште шығыстану факультетіне биыл «Алтын белгімен» түскен студенттер өз студенттік билеттерін қонаққа келген елшілер қолынан алды. Факультет деканы бұл рәсімді ұйымдастырудағы мақсатын былай жеткізді: «Биыл біздің факультетке түсу үшін конкурс болмады, себебі мемлекеттік гранттардың бәрін «Алтын белгі» иегерлері иеленді. Мүмкін, қазіргі бірінші курстықтар еліміздің болашақ елшілері шығар. Солай болсын деген ниетпен бүгінгі құрметті қонақтарымыздан 1-курстықтарға билеттерін өз қолдарымен тапсыруын сұраймыз».

Студенттік билеттер тапсырылып болғаннан кейін шығыстану факультетінің студенттерінің ұйымдастыруымен шағын концерт қойылды. Студенттер факультетте оқытылатын сегіз тілде - жапон, корей, қытай, парсы, хинди, урду, араб - ән салып, өлең оқыды, би биледі. Концерт қонақтардың көңілінен шықты. Кештің соңында факультет деканы Н.Ә.Алдабек елшілерге, жиналған оқытушылар мен студенттерге рақметін айтып, мұндай кештердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызы үлкен екенін атап өтті және қонақтарға факультет ұжымы атынан ескерткіш сыйлықтар ұсынды. Кездесу шығыстану факультетінің ұжымының қонақтармен естелік үшін суретке түсуімен аяқталды. Бұл кездесу тәлімдік маңызы үлкен, студенттердің есінде қалатын маңызды іс-шара болды.