АРАБ ТІЛІ ЖӘНЕ ИСЛАМ ТӘРБИЕСІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ИСЕСКО СЕМИНАРЫ
АРАБ ТІЛІ ЖӘНЕ ИСЛАМ ТӘРБИЕСІ ОҚЫТУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН ИСЕСКО СЕМИНАРЫ
27-29 қазан аралығында халықаралық ИСЕСКО ұйымы “IICO” (Кувейт) қайырымдылық қорымен бірлесе отырып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің арабтану кафедрасы негізінде араб тілі және ислам тәрбиесі оқытушыларына арналған семинар өткізді.
ИСЕСКО ұйымының араб тілі оқытушыларына аталған ұйымға мүше елдерде семинарлар ұйымдастырып, шетелдіктер үшін араб тілі мен ислам тәрбиесіне арналған оқулықтар шығарып, араб тілі пәнін оқыту әдістемесін жетілдіруге әдістемелік көмек көрсететінін атап өту керек. Аталмыш семинардың мақсаты араб тілі мен әдебиеті оқытушыларының біліктілігін жоғарылату, семинарға қатысушыларды педагогика және сабақ жүргізу психологиясының қазіргі заманғы теорияларымен таныстыру, сонымен қатар семинарға қатысушылардың кәсіби шеберлігін жетілдіру. Семинарға республиканың әр түрлі мектептері мен жоғарғы оқу орындарынан: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан, Абай атындағы АМПУ-дан, Абылай хан атындағы ҚазХҚУжӘТ-дан, Нұр-Мүбарак Ислам университенінен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен, Алматы қаласының №9 мектеп-интернатынан, Қарағанды қаласының дарынды балаларға арналған мектеп-интернатынан араб тілі мен әдебиеті, тарих және араб мәдениетінен дәріс жүргізетін 30 оқытушы қатысты.
1989 жылы ИСЕСКО университетімізде алғаш семинарын өткізген болатын. 2000 жылы Абай атындағы АМУ-да екінші семинар өткізілді. 2004 жылы жергілікті сарапшылар Г.Қ.Токова мен Г.Х.Әбдірахманованың қатысуымен ИСЕСКО ҚазҰУ негізінде үшінші семинар өткізді.
Үстіміздегі жылы ИСЕСКО және ЮНЕСКО мәселелері бойынша Ұлттық комитет ИСЕСКО-ның төртінші семинары өткізілетін орын ретінде әл-Фараби атындағы университеттің арабтану кафедрасын таңдап алды.
2009 жылы 27 қазанда сағат 10-да әл-Фараби атындағы конференц-залда семинардың ашылуына ҚР СІМ кеңесшісі, э.ғ.к., ҚР-ның ИСЕСКО және ЮНЕСКО мәселелері бойынша Ұлттық комитет мүшесі Закиева Жанат Кешірімқызы және ҚазҰУ-дің бірінші проректорының атынан халықаралық байланыстар бөлімінің директоры Қайрат Жүніс қатысты. Бұл күні семинарға қатысушылар ИСЕСКО-ның семинардың ары қарайғы жұмысын анықтау үшін қатысушылардың білім деңгейін және неге қызығушылық танытатынын білу мақсатында арнайы жасалған сауалнамаға жауап берді. Семинар барысында ИСЕСКО-ның Тегеран қаласындағы жергілікті офисінен келген шетелдік сарапшы Хасан Фартуси және жергілікті сарапшылар Абд әл-Азиз әл-Хули мен Г.Қ.Токова: “Ислам тәрбиесі”, “Араб тілі фонетикасы”, “Оқытушы мен студенттің психологиялық байланысы”, “Араб тілінің Ислам қоғамындағы рөлі” атты тақырыптарға лекция оқып, семинарға қатысушылар да араб тілінен көрнекілік үшін сабақтар жүргізді.
Семинар аяқталған соң барлық қатысушылар мен жергілікті сарапшыларға ИСЕСКО сертификаты тапсырылды. Қонақтарға араб бөлімі студенттері даярлаған шағын мерекелік номерлер көрсетілді. Семинар жабылуына байланысты түскі ас берілді.
Сонымен бірге Хасан Фартуси мырзаға жазбаша түрде ұсыныстар жасалды. Семинарды ұйымдастыру шетелдік сарапшының көңілінен шығып, осындай бірлесе атқарылған шаралардың жалғасын табарынан үміт еткенін айта кету керек.