Якут тіліндегі бірегей әрі іргелі жұмыс

Якут тіліндегі бірегей әрі іргелі жұмыс 

 

          Үстіміздегі жылы қазанның 31-інде Ресей Федерациясы Якутиядан келген бір топ Саха ғалымдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Түрксой кафедрасының профессор оқытушылар құрамымен кездесті. «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігі» жобасының жетекшісі, Владимир Дмитриевич Монастырев іссапар мақсатын, делегацияны РС Ғылым академиясының академигі Петр Алексеевич Слепцовтың бастап келгенін айтып, «БТСЯЯ» сөздігін құрастырушылармен таныстырды.  Сондай-ақ ол Қазақстанға келу сапарын, 15 томдық сөздіктерді Ұлттық кітапханаға табыстаудың басты мақсаты мен маңызын атап өтті.

          «Саха тілінің үлкен түсіндірме сөздігі», яғни «БТСЯЯ» сөздігінің бас редакторы, ф.ғ.к., Анатолий Гаврильевич Нелунов «Бұл шараның басты мақсатытүркі әлеміне ортақ құндылықтарды, түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін насихаттап, тәжірибе алмасу» деп атап көрсетті. Сөздік авторлары  ф.ғ.к.,  ғылыми қызметкерлер Надежда Матвеевна Васильева, Надежда Николаевна, Ольга Никоноровна Аммосова, т.б. кіші ғылыми қызметкерлер мен магистранттар соңғы 15 жылда  бір-бір  томнан шығарып, тоқтаусыз жұмыс істеген.  

        Факультет деканы PhD доктор Ықтияр Молдатөреұлы Палтөре саха ғалымдары дайындап алып келген сөздіктердің «ұлт байлығы, үлкен фундаменталды еңбек» деп бағалады: алдағы уақытта ғылыми мен білім саласында байланысты кеңейтудің өзектілігін де  атап өтті және ғылыми сөздіктердің ғылыми айналымға енуіне тілектестігін білдірді.

        Саха ғалымы академик Петр Алексеевич Слепцов өз кезегінде сөз алып, «Якут тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің авторы ретінде  түркі тілдеріндегі түсіндірме сөздіктердің жаңаша әдістерімен жасалған  бірегей басылым екенін айт келе,  кездесуге келгендерге ризашылығын  білдірді. Кездесуде «Түрксой» кафедрасының ұжымы саха ғалымдарының 15 томдық сөздіктерінің жарыққа шыққандығына қуаныштарын білдірді.

         Жалпы көлемі 10 мыңға жуық беттен тұратын «Түсіндірме сөздікте»  саха тілінің 80 мыңдай  сөздері мен фразеологизмдері қамтылған және олардың түсіндірмелері саха-орыс тілдерінде берілген.

 

 

           Кортабаева Г.К.

Шығыстану факультеті

Түрксой кафедрасы


Басылым күні :  05.11.2019