Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастау керек

 

2018 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы жолданды. Шығыстану факультетінде «Айналаңды нұрландыр» және «Салауатты өмір» атты жобалар аясында халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан Қазақстанның еңбегі сінген жаттықтырушысы, Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимовпен кездесу өтті.

Көптен күткен бұл кездесуді PhD доктор, факультет деканы Ықтияр Палтөре ашты: «Қадірлі  ұстаздар мен студенттер! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы қоғамымызға ең қажет ерекше міндеттерді шешуге бағытталған.  «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс» деген Елбасы сөзі  бізді осы міндеттерді шешуге жұмылдырып отыр. Бүгін біздің факультет үшін ерекше қуанышты күн болып тұр. Сөз кезегін көптен күткен қонағымыз Қазақстанның сан мәрте чемпионы, талай жастардың арманы  Ермахан Сағиұлына береміз.

Ел мақтанышы Ермахан Ибраимов өз сөздерін жастарға арнаудан бастады: «Ел болашағы сендердің қолдарыңда, сол үшін Елбасымыз сендерден үлкен үміт күтеді. Жақында елге жолданған Елбасы Жолдауы алдымызға нақты не істеу керектігін айқындап берді. Мемлекетті  басқарудың тетігі сендердің қолдарыңда, өйткені сендер білімді, тәрбиелі, озық мемлекеттің жастарысыңдар. Оның үстіне ең рейтингі жоғары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университтетінде оқып жүрсіңдер. Біле білмейтін шығарсыздар, мен де осы ұлт мақтанышы осы оқу орнының түлегімін. Қарапайым шопанның баласы осы биіктіктерге  қалай жетті ? Ол еліміздің тыныштығы, Елбасының үнемі спортқа қамқорлығы, халқымның маған сүйіспеншілігі, өзімнің тынбай еңбектенгенім. Мен спортшы болсам деп қатты армандадым және соған талпындым. Міне, нәтижесін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Қазір республикалық боксқа дайындау орталығының директорымын. Спортқа келіңіздер. Еш уақытта спортқа келу кеш емес. Тек ғана шын ниет пен тынымсыз еңбек болса болғаны. Сонда ғана салауатты қоғам мүшесінен салауатты зайырлы мемлекет боламыз. Рухани жаңғыру әркім өзінен бастау керек».

Сұхбат барысында студенттер Ермахан Ибраимовқа түрлі сұрақтар қойылды, ол жеңіл юморымен, қызықты жауаптарымен жиналғандарды оқтын-оқтын күлдіріп, қол соқтырып  отырды. Жиналған студенттер бүгінгінің батыры  Ермахан Сағиұлымен естелік суретке түсіп, кездесуден ерекше әсермен тарқасты.                                           

Қортабаева Гүлжамал

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Шығыстану факультеті

Түрксой кафедрасының доценті

 

 

Басылым күні :  04.02.2018