"Құқықтану" мамандығы бойынша Республикалық студенттік пәндік онлайн Олимпиада

31.10.2020

Көрулер: 2474

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, зaң ғылымдaрының докторы Ибраева А.С.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, зaң ғылымдaрының кaндидaты Турсынкуловa Д.А.  

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттері «Құқықтану» мамандығы бойынша Республикалық студенттік пәндік Олимпиаданы

онлайн түрде ұтып алды

 

2020 жылдың қазан айының 30-31 жұлдызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде онлайн түрде «Құқықтану» мамандығы бойынша Республикалық студенттік пәндік Олимпиада өткізілді. Бұл олимпиадаға Қазақстан Республикасының 13 жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Әр командада бес адамнан болды. Олимпиаданың қорытындылары жеке сынақ бойынша шығарылды. Олимпиаданың мақсаты ‒ талантты студент жастарды анықтау және қолдау, сондай-ақ болашақ мамандардың арнайы кәсіби қабілеттерін дамыту болды. Қатысуға жоғары оқу орындарының «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіруші курс студенттері жіберілді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 4 курс студенттері Мүбараков Мұтанбек, Ғазизов Аспандияр, Тұрлыби Нұрым, Рысбек Шыңғыс және Райымқұлов Айдос қатысты. Бұл студенттердің барлығы жоғары үлгерімімен, ұйымдастырушылық қабілеттерімен ерекшеленеді, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы өткізетін іс-шараларға белсене қатысады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің барлық студенттері лайықты нәтиже көрсетті.

Әлемдегі коронавирустық инфекциямен күреске байланысты туындаған күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты, Республикалық пәндік олимпиада алғаш рет онлайн форматта өткізілді. Алайда, бұл жағдай оның өткізу сапасына ешқандай әсер еткен жоқ. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастыру ұжымы олимпиаданы жоғары кәсібилік деңгейде ұйымдастырғанын атап өтуге болады. Университет олимпиада барысын бақылау мен бағалаудың әділ, ашық жүйесін ұйымдастыра алды. Осылайша, студенттер тарапынан көшіру мүмкіндігі болмас үшін "прокторинг" жүйесі қолданылды.

Олимпиада 2 турдан тұрды.

1 тур: «ҚР Азаматтық құқығы» және «ҚР азаматтық іс жүргізу құқығы».

2 тур: «ҚР Қылмыстық құқығы» және «ҚР Қылмыстық іс жүргізу құқығы».

Жалпы, 1 және 2 турдың нәтижесі бойынша әрбір студент жинаған ұпай сандарымен жеке-жеке бағаланды. Жинаған ұпай сандарының қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері жүлделі орындар алды. Атап айтсақ, 1-орынды Мүбараков Мұтанбек және 2-орынды Тұрлыби Нұрым иеленіп, бірінші және екінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.

 

Республикалық студенттік пәндік Олимпиаданының тәртібі бойынша 1-орынды иеленген студент қай жоғарғы оқу орынына болса, келесі жылғы Олимпиада өткізу құқығы сол жоғарғы оқу орнына беріледі. Осыған байланысты 1-орынды иеленген 4-курс студенті Мүбараков Мұтанбек, 2021 жылы өтетін Республикалық студенттік пәндік Олимпиаданының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастырып, өткізуіне мүмкіндік алып отыр. Егеменді еліміздің болашағы үшін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әрқашанда лайықты мамандарды дайындайтынын олимпиаданың қорытындысынан көруге болады.