Факультет тарихы

 



Құқықтану – бүгінгі таңда классикалық университеттік білім беру құрылымының ажырамас бөлігі. Заң факультетінің ұжымы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде беделді орынға ие.

1955 жылы Алматы заң институтының негізінде Қазақстанда ең алғашқы заңгерлер дайындайтын мемлекеттік жоғары оқу ордасында заң факультеті құрылды. Ол қазіргі заманға сай әдістерді қолданып, жоғарғы деңгейдегі заң мамандарын даярлады. Заң факультеті өзінің 63 жылдық тарихында 35 мыңға жуық құқық саласындағы маманды, яғни сот, прокуратура, ішкі істер органдары мен мемлекеттік қауіпсіздіктің жоғары білікті жауапты қызметкерлерін, нотариустарды, адвокаттарды, заңгерлерді дайындап шығарды.

Әр түрлі кезеңдерде заң факультетінің декандары болып Зиманов С.З., Ваксберг М.А., Сартаев С.С., Абжанов К.А., Ургеншбаев К.С., Басин Ю.Г., Ударцев С.Ф., Сарсенбаев М.А., Жиренчин К.А., Каиржанов Е.И., Бектұрганов А.Е. жұмыс жасады. Қазіргі кезде заң факультетінің деканы болып з.ғ.д., профессор Д.Л.Байдельдинов қызмет атқаруда.

Факультетте ҚР ҰҒА академигі, з.ғ.д., профессор С.С. Сартаев; з.ғ.д., профессор Д.Л. Байдельдинов, з.ғ.д., профессор А.Н. Ағыбаев, отызға жуық доктор мен профессорлар, 80-тен астам ғылым кандидаты мен доценттер, 12 PhD докторы, оқытушылар жұмыс жасайды. Сонымен қатар ҚР Парламентінен, ҚР Конституциялық Кеңесінен, ҚР Жоғарғы Сотынан, ҚР Президенті Әкімшілігінен, ҚР Бас Прокуратурасынан, ҚР Үкіметінен және құқық қорғау органдарынан жоғары кәсіби тәжірибелі мамандар ашық дәріс сабақтарын өткізіп тұрады. 

Жыл сайын факультеттің 15-ке жуық ғалымы мен оқытушылары шетелдердің жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарында ғылыми-тағылымдамадан өтеді. Соңғы 5 жылда профессорлар мен оқытушылардың 1000-нан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көрді. Атап айтатын болсақ 80-ге жуық монография, 200-ге тарта оқулық пен оқу құралдары, 300-ден аса жинақ, сөздіктер, жүзден астам оқу құралдары мен ғылыми мақалалары бар.

Заң факультетінің ұжымы нарықтық экономика жағдайында демократиялық құқықтық мемлекетті қалыптастыруға қабілетті, жоғары білікті кадрларды дайындау бойынша жалпыға танылған көшбасшы.