Қырғыз Түрік «Манас» университетінің ф.ғ.к., аға оқытушысы Калия Кулалиеваның «Манас эпосының сюжеттік-тематикалық көрсеткіші І» атты онлайн-семинары

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасы мен «Жазба жәдігер және рухани мұра» ғылыми-зерттеу орталығы әр екі аптада бір ұйымдастырып отырған кезекті үшінші семинары Кутлугжон Сұлтанбектің модераторлығында болып өтті. Қырғыз Түрік «Манас» университетінің ф.ғ.к., аға оқытушысы Калия Кулалиева «Манас эпосының сюжеттік-тематикалық көрсеткіші І» тақырыбында баяндама жасап, «Манас» дастанының жан-жақты зерттеулері туралы мәлімет берді.

«Манас» дастанының 80-нен астам нұсқаларының бар екендігі, олардың сақталған жерлері, жазылу ерекшеліктері мен тематикалық жағы туралы айтылды. «Манас эпосының сюжеттік-тематикалық көрсеткіші І» еңбегін дайындауға екі жыл кеткенін айтқан Калия Кулалиева кітаптың жақын арада жарық көретіндігінің сүйіншісін де берді. Өте ауқымды еңбек екенін тілге тиек етіп, тематикалық жағынан «Манас» эпосын әр қараған кезінде жаңа мәліметтерге жетелейтінін де көрсетіп кетті. Эпостың Нарын, Ыссықкөл, Талас т.б. сияқты аймақтарға бөлінген нұсқаларының ішінен тек ғана Нарын аймағының дастанын сюжеттік-тематикалық көрсеткішін дайындағандарын айтып өтті. Жалпы барлық аймақтардағы эпостардың бір араға келтіріліп, кітап ретінде басылу керектігін де көрсетіп кетті. Себебі әр ғасырда дастанды жырлаушылар өздерінің кейбір мәліметтерін де қосып отырады екен. Бұл болса түпнұсқасының жоғалуына алып келеді.

«Манас» эпосының араб алфавитімен жазылған нұсқалары да бар екендігін айтып, олардың да баспаға дайындалып жатқандығы туралы мәлімет берілді.

Калия Кулалиева «Манас» эпосында ру атаулары туралы мәлімет беріп, еңбекте қазақ сөзінің де бар екендігін көрсетіп кетті.

«Эпостың жеті кітабы дайындалып, бір кітаптың түрік тіліне аударылғаны да «Манас» эпосының Түркі халықтары үшін маңызды екендігін көрсетеді» - деді.

Бір жарым сағатқа созылған семинардың соңында тыңдаушылар сұрақтар қойып, өз пікірлерін де білдіріп отырды.

Аталған онлайн жиынға кафедраның профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар, Қырғызстан мен Түркияның жоғарғы оқу орындарының профессорлары, студенттері мен жас ғалымдары да қатысты. Семинардың соңында Түрксой кафедрасының меңгерушісі PhD Ү.Т. Қыдырбаева Шығыстану факультеті атынан «Алғыс хат» ұсынып, кафедра атынан құттықтап, шығармашылық табыс тілеп, болашақта жас түркітанушы ғалымдарға арналған семинардың жалғасын табатындығы туралы ыстық ықыласын білдірді.

Сұлтанбек Кутлугжон

Басылым күні :  13.12.2020