БАҚЫТТЫҢ КӨЗІ - ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ
БАҚЫТТЫҢ КӨЗІ - ҚАЙЫРЫМДЫ ҚОҒАМ
Биыл ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде бүкіл әлем тойлауда. Осыған орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері мен оқытушы-профессорлар құрамы «Қайырымды қоғам» челленджін бастаған болатын.
2020 жылының 29 ақпан күні әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, шығыстану факультеті, ТҮРКСОЙ кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы университет деңгейінде ұйымдастырылып отырған «Қайырымды қоғам» челленджі аясында, Талғар қаласында тұратын «Қазақстандағы ең көп балалы ана, 1000 баланың анасы» атанған Тұяқ Қаскенқызы Есенқожина мен жекеменшік «Нұр» қайырымдылық үйінде болып қайтты.
1998 жылы ашқан қайырымдылық үйінде күні бүгінге дейін мыңнан аса жетім балаларды бауырына басып, тәрбиелеп, оқытып жеткізген Тұяқ Қаскенқызы, өз өмірбаяны мен қайырымдылық үйіндегі балалардың жағдайы жайлы баяндап, қайырымды жандар көмегімен осындай игі істі жүзеге асырып отырғанын тілге тиек етті. Тұяқ ана жұбайы Әнуармен бірге өмірлерін ата-ана қамқорлығын көрмеген балаларға арнап, оларға мейірімді құшақтарын жайып, ата-ана, ұстаз бола біліп, жылы ұя сыйлап, оқытып, отбасы құруларына көмектесіп, өмірде өз орындарын табуға көмектесіп отырған жандар.
Біз де ТҮРКСОЙ кафедрасы ұжымы болып, «Нұр» қайырымдылық үйінде тәрбиеленіп отырған жас ұрпаққа аз да болса өз үлесімізді қосу мақсатымен қаржылай көмегімізді ұсынып, жүрегі кең Тұяқ ана мен жұбайы Әнуар атаға алғысымызды білдіреміз.
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Шығыстану факультеті
ТҮРКСОЙ кафедрасы аға оқытушылары
Г.К.Теменова, А.Ж. Назарова, Г.С. Асқарова