ШЫҒЫСТАНУ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ ИНЖЕНЕРЛІК ТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ҚОНАҚТАРЫ

Желтоқсан айының он бірінші жұлдызында Шығыстану факультетіне Түркияның Стамбул қаласындағы Йылдыз Текника Университетінен доктор Тунжай Севиндик бастаған делегеция құрамы келді.

Йылдыз Текника Университеті қазіргі заманғы инженерлік технологияларды ғылым мен білім саласында белсенді енгізіп жатқан әлемдік деңгейдегі танымал университет. Университеттің IT саласындағы мамандары аталған оқу орнының арнайы Технопаркінде білім беру, ғылыми жұмыстар жүргізу салаларында компьютерлік бағдарламаларды ұтқыр қолданумен қатар күнделікті тұрмыста кез келген мақсаттағы жұмысты жеңілдету үшін сан түрлі бағдарламалар құрастырған. Олар іс жүзінде тәжірибеден өтіп, өзінің үлкен нәтижелерін айқын танытып отыр және европалықтардың қызығушылығын арттыруда.

Доктор Тунжай Севиндік факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттары мен докторанттарын өзі даярлаған Мустафа Инан, Сабри Демир, Мурат Учар сияқты білікті мамандармен таныстырып, олардың осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарының мазмұнын түсіндірді.

Түркиялық қонақтар «ТҮРКСОЙ» білім беру, ғылыми орталығында арнайы кездесу өткізіп, осы орталықпен болашақта жүзеге асыруға болатын жобалар жайлы келелі әңгіме жүргізді және нақты атқарылар жұмыс түрлері жайлы сөз болды. Факультет деканы Ph.D Ықтияр Палтөре бауырлас Қазақстан мен Түркия елдері арасында орнаған саяси, экономикалық байланыстардың білім мен мәдениет салалары арқылы күш-қуатқа ие болып, нығая түсетінін негіздеп өтті. Сонымен қатар (IT) ақпараттық технологияларды шығыс тілдерін оқытуда, ғылыми жұмыстар жүргізуде белсенді қолданудың маңызы күннен-күнге артып отырғанын, осы себепті бұл мамандардың мол тәжірибесі факультет үшін ғана емес, болашақта бүкіл университеттің де үлкен жетістікке жетуіне мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Кездесу барысында түркиялық мамандар тарапынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Йылдыз Техника Университеті арасында арнайы интернет сайтын ашып, сол арқылы жұмыс жүргізуге ұсыныс жасалды. Йылдыз Университетінің ғалым инженерлері екі ел арасында халықаралық әр түрлі ғылыми және білім жобаларын жасап, қолданысқа енгізуге өздерінің тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді. Факультет деканы бұл ұсыныстарды университет басшылығына жеткізетінін айтты.

Бұл ынтымақтастық берік орнаған соң Шығысты оқып-зерттеудің жаңа технологиялары іске қосылып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылмақшы! Баршамызға сәтті болсын!

Деканның оқу, методикалық және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Канафьева Шынар Ерлановна

Басылым күні :  13.12.2018