ТҮРІК ПРОФЕССОРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Жаңа оқу жылының 8-ші қазан айында факультетімізге шетелдік қонақ келді. Түркияның Елазығ қаласындағы Фырат Университетінің профессоры Ахмет Буран. Аталмыш университеттің филология факультеті құрамындағы Қазіргі түркі тілдері кафедрасының профессоры, қырғыз-қазақ тілінің маманы. Түркі тілдерінің қыпшақ тобына байланысты зерттеулерге байланысты ондаған ғылыми жобалардың басшысы, бірнеше кітаптың авторы.

Құрметті қонақ-профессор Түрксой кафедрасының ұжымы мен студент-магистранттарына арнайы дайындап келген «Түркияда қазақ тілінің шет тілі ретінде оқыту мәселелері» атты ғылыми семинар өткізді. Бірнеше сағатқа созылған семинар, қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болып, соңынан сұрақтарға жауап беру мен еркін әңгімелесуге ұласты. Әңгіме барысында көбінесе қазақ тілінде сұхбаттасып, сұрақтарға да қазақ тілінде жауап берді. Түркиядағы түркі тілдерін, оның ішінде қазақ тілін оқытудың маңызы мен зәрулігіне тоқталып өтті. Елі ел арасындағы гуманитарлық байланыстардың басқа бауырлас елдерге қарағанда жүйелі түрде дамып келе жатқанын, бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамашыл саясатының ерекше ролі бар екендігін тілге тиек етті. Кездесу аясында Түрксой кафедрасы ұжымымен қатар факультет деканы PhD доктор Ықтияр Палтөре мырзаның ғылыми семинарға ынта мен жылы ықылас білдіруі ерекше атап өтуге тұрарлық іс екендігін білдірді. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы түркітану ғылымының жалпы бағыт-бағдары мен келелі мәселелері сөз болып, түркітану саласының ғылыми-теориялық және практикалық тұрғыдағы іс-шара аясы талқыланды.

Кездесу соңында Фырат Университетінен алып келген университет логотипі мен Мевлана – академиялық ұтқырлық келісім шартын факультетіміздің деканы PhD доктор Ықтияр Палтөре мырзаға Фырат Университеті ректоры профессор Құтбеддин Демирдағ мырзаның атынан құрметпен табыс етті. Сонымен қатар, өз басқаруындағы ғылыми жоба аясында жарияланған Түркітану терминдері сөздігі мен 4 томдық Қазіргі түркі әдеби тілдері факультет кітапханасына сыйға тартты. Келелі жиын мен салиқалы отырыс Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Шығыстану факультетінің деканы PhD доктор Ықтияр Палтөре мырзаның факультетіміздің барша оқытушы-профессор құрамы атынан Алғыс Хат табыс етуімен аяқталды.


Ұйымдастырушылар: Түрксой кафедрасы доценті Ерғали Есбосынов, оқытушы Эльмира Монтанай


Басылым күні :  11.10.2018