Малқардың мақтанышы Қайсын жырлары Қазақстанда

Қазақ халқының ұлттық және рухани жаңғыруын көздейтін Қазақстан Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ТҮРКСОЙ халықаралық ауқымда атқарып жатқан жұмыспен үндес. Көктемнің алғашқы күндері  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Шығыстану факультетінде түркі халықтарының ақыны, дара тұлға  Қайсын Кулиевтің  шығармашылығына арналған «Түркі даласының ұлы ақыны» атты дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы

ұйымдастырды. Қазақстан халықтары ассамблеясы жанындағы түркі халықтарының этномәдени ұйымының жетекшілері мен мүшелері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының оқытушылары мен білімгерлері қатысты.

_____________________________________________________________________________

 

Дөңгелек үстелді Шығыстану факультетінің деканы, PhD  Ықтияр Палтөре Молдатөреұлы ашты: «Құрметті зиялы қауым, қымбатты қонақтар, студенттер, бүгінгі жиынға қош келдіңіздер! Факультеттегі түркі тілдерін оқытатын Түрксой кафедрасы ерекше кафедра болып отыр. Түбі бір түркі халқы жаһандану заманында алыс-берісті нығайту керек. Осында отырған түркі халықтары аудармашысыз түсінісеміз. Бүгінгі шара балқар халқының біртуар тұлғасы, «әлем ақыны» атанған Қайсын Кулиевтің  шығармашылығына арналып отыр. Бүгінгі шарадан жиналған студенттер үлкен рухани азық алады деп ойлаймын.  Бүгінде  Түркі мәдениетін және өнерін дамыту Халықаралық Ұйымы үлкен қызмет етіп келеді. Қазақстан – бұл ұйымды құрушы мемлекеттердің бірі. Бұл ұйымды көп жылдардан бері Қазақстанның бұрынғы Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов басқарып келеді.  Қазақстанның Мәдениет министрлігінің өкілі  шығыстанушы-ғалым Асқар Тұрғанбаев ағамыз осы шараны өткізуге Анкарадан арнайы келіп отыр. Факультетімізде осындай игі шараны өткізуге мұрындық болған Асқар Тұрғанбайұлына ағамызға ризашылығымызды білдіре отырып,  алғашқы сөзді Асқар ағамызға береміз. 

Қазақстанның ТҮРКСОЙ-дағы өкілі Асқар Тұрғанбаев:

«Құрметті Ықтияр мырза, ел ағалары, студенттер  қауымы !  ТҮРКСОЙ ұймының мақсаты түркі тілдес халықтар мен ұлыстар арасында достық қатынас құрып, ортақ түркі мәдениетін, тілін, тарихын, өнерін, әдет-дәстүрлерін зерттеп, насихаттау. Бүгінгі дөңгелек үстелдің тақырыбы «әлем ақыны» атанған Қайсын Кулиев туралы болмақ. Өткен жылы қараша айының бірінде Нальчик қаласында  малқар ақынының 100 жылдығы атап өтілді. Бұл шара жалғасын тауып, 7-8 желтоқсанда Бакуде, жақында Қырғызстанда өткіздік.   Қайсын Кулиевтің екі кітабын сіздерге алып келдік.

Бұдан кейін ақынның «Тәңірімнің қылышы» атты аудармасы мен «Бұл таулар тұрғанша» деп аталатын екі кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды.  

Бұдан кейін сөз алған  Ахмет Дағдұран,  ақын Ғалым Жайлыбай, профессор  Дандай Ысқақұлы, профессор А.Хамраев, ғалым Әділғазы Қайырбектер  малқардың біртуар ақыны Кайсын Кулиев туралы көптеген қызықты жайттарды әңгімеледі.

Кеш соңында студенттер К.Кулиевтің жасын жырларын төкпелеп оқыды. Қонақтар дәстүрлі факультеттегі Шығыстану» мұражайындағы экспонаттарды тамашалады.

Дөңгелек үстелге қатысушылар естелік суретке түсті.

 

 

Қортабаева Г.Қ.

Шығыстану факультеті

Түрксой кафедрасының доценті

 

 

 

Басылым күні :  05.03.2018