«Қазіргі заманғы түркітану» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция

 

2017 жылы қарашаның 17-ші жұлдызында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазіргі заманғы түркітану» атты ғылыми-әдістемелік конференция болып өтті. Конференцияны ҚазҰУ Түрксой кафедрасы Халықаралық Түрксой ұйымы, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және Стамбул университетімен бірлесіп өткізді.

  Конференцияға Халықаралық Түрксой ұйымының Бас хатшы орынбасары Фырат Пурташ, Халықаралық Түркі академиясының өкілі Жанат Момынқұлов, Стамбул университеті ректорының кеңесшісі Өзжан Табаклар, Стамбул университеті Фараби орталығы директорының орынбасары Ферйал Коркмаз, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Шет тілдер және Халықаралық карьера универсиетінің ректоры Сабри Хизметли, Ташкент облысы біліктілікті көтеру институтының профессоры Олим Султанмурат, Узтелерадиокомпаниясы «Дунё буйлаб» телеканалының Бас редакторы Фаррухбек Олимов, сондай-ақ, түркі тілдес республикалардың Қазақстандағы елшіліктері мен консулдықтары, Қазақстан Халықтары Ассамблеясы жанындағы түркі тілдес мәдени орталықтар өкілдері мен түркітану саласын зерттеп жүрген белді ғалымдар қатысты.

  Конференцияның мақсаты Ұзақ ғасырлар бойы түркі халықтары ертеден қалыптасқан ортақ мәдениеті мен достық қарым-қатынастың нәтижесінде бір-бірімен байланысын үзген жоқ. Бүгінде түркі дүниесінің рухани мұрасы, оның сан ғасырлық мәдениеті әлемдік өркениеттің бір бөлігі болып табылады. Сондай-ақ  түркі халықтары түрлі тарихи қиындықтарға қарамастан  осы  өзіндік ерекшелігін сақтаған, әрі бүгінде әлемдік мәдени даму үрдісіндегі түркі халықтарының орны мен рухани болмысын айқындап отыр.

  Сондай-ақ, ҚР президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ашып көрсетілгендей, латын әліпбиінің кейбір түркі тілдес республикаларда қолданылу ерекшеліктері, қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудегі мәселелер де осы жиын барысында талқыланды.

  Ежелде руна жазуын қолданған түркілер Ислам дінінің келуімен араб графикасына ауысты. Мың жылдан артық түркілер тарапынан қолданылған бұл графикада ортағасырлық түркі жазба ескерткіштері дүниеге келді. ХХ ғасырдың басындағы әртүрлі саяси жағдайлардың нәтижесінде түркі халықтарының кейбірі латынға, ендігі бірі кирил әрпіне көшкендігі белгілі. Соңғы ширек ғасыр көлемінде бүгінгі заман ағымынан қалып қоймау жағын ойлаған түркі тілдес елдер латын әрпіне өтіп жатыр. Бұл қадам түркі халықтарының рухани тұтастығы мен мызғымас бірлігіне қызмет етері анық.

 


Басылым күні :  07.11.2017