Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымы бірлесіп ұйымдастырып отырған «ТҮРІКСОЙ кафедрасының және Ғылым, білім және мәдениет Орталығының» ашылу салтанаты болды

Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жыл толуына орай және «Алматы – ислам мәдениетінің астанасы – 2015» бағдарламасы аясында 2015 жылғы 04 наурыз сағат 15.00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде «ТҮРІКСОЙ кафедрасының және Ғылым, білім және мәдениет Орталығының» ашылу салтанаты өткізілді.

     Жиынға ТҮРІКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғызстан елдерінің Қазақстан Республикасындағы елшіліктерінің қызметкерлері, Қазақстан Халқы Ассамблеясына қарасты Алматыдағы түркі тілдес халықтардың этномәдени бірлестік өкілдері және зиялы қауым өкілдері мен студент жастар қатысты.

     Шараның мақсаты түркі тілдес халықтардың бай рухани мұрасын зерттеу ісі мен бүгінгі тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өзара халықаралық қатынастарын зерделеу бағытындағы жұмыстарды үйлестіруге үлес қосу, Қазақстандағы түркі тілдес туыс халықтардың достық қатынастарының дамуына серпін беру.

     Түркі мәдениетінің халықаралық ұйымының (ТҮРІКСОЙ) әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ашылған жаңа Кафедрасы мен Орталығы – түбі бір түркі елдері арасындағы ортақ құндылықтарды айқындау, байыту, өрістету және ілгерілетуге және түркі әлеміндегі мәдени қатынастарды тереңдету; түркі елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық, білім және ғылыми-техникалық өзара ықпалдастықты жаңа әрі серпінді деңгейге көтерудегі маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

25

Басылым күні :  06.03.2015