Медицина қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған республикалық әдеби байқауының қорытындысы шығарылды

30.09.2022

Көрулер: 1202

2022 жылдың 30 қыркүйегінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы медицина қызметкерлері арасында ұйымдастырылған Республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздарын марапаттады. Байқау көрнекті қоғам қайраткері, ғалым, педагог Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.

Байқау 2022 жылдың 30 маусымында жарияланды.

Марапаттау рәсімі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған "Қазақтардың ұлттық әдеби тілі" форумы аясында Әл-Фараби Ғылыми кітапханасында өтті.

Республикалық әдеби байқауға "Медицина қызметкерінің өмірінен бір күн", "Ахмет Байтұрсынұлының әлемі", "Үздік поэтикалық шығарма", "Үздік публицистикалық шығарма (эссе, мақала)" төрт номинациясы бойынша 68 жұмыс ұсынылды. Қазылар алқасының құрамына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының жетекші ғалымдары кірді – ф.ғ.д., профессор А.Б. Темірболат, ф.ғ.к., профессор м. а. Б.С.Сарбасов, ф.ғ.к. С. Д. Дәрібаев, ф.ғ.к. Л.А.Мекебаева, филология магистрі Ш.А. Шортанбай., филология магистрі Г.Т. Оспанова. Байқаушы және сарапшы ретінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің маманы А.Б. Мыржықбаева шақырылды.

Байқауға ауруханалар мен медициналық мекемелерде жұмыс істейтін медицина қызметкерлері мен Қазақ тілі кабинеттерінің қызметкерлері қатысты.

Республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздары ҚазҰУ қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұжымы дайындаған дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Республикалық әдеби байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі мен ғылыми форумның аясында Университет мұражайларына экскурсия және Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды.