Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі Жамбыл атындағы «Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығы» «Қазақ фольклористикасы» оқу-зерттеу лабораториясы негізінде 2016 жылдың 25 ақпанында құрылды. 

Орталық университет қабылдаған ЕРЕЖЕГЕ сәйкес, қазақ халық ауыз әдебиеті мен көркем жазба әдебиетінің келелі мәселелерін қазіргі ұлттық методология, әдістеме тұрғысынан жан-жақты зерделеу, таразылау жұмыстарымен шұғылданады. Орталық, сонымен қатар, өзге де түркі тілді этностардың (ұлт-ұлыстардың) фольклорлық мұраларындағы ортақ сюжеттер мен айырмашылықтарды да тауып, салыстыра қарап, оларға тән ортақ заңдылықтарды ашу, дәлелдеу бағытын ұстанады. Әсіресе, ең алдымен, қазақ халық ауыз әдебиетінің барлық жанрларын: ертегілер, аңыз-әпсаналар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, айтыстар, эпостық жырлар (батырлық және лиро-эпостық), тарихи жырлар, т.б. тұтастай қамтиды.

Сонымен бірге, Орталық алыс-жақын шет елдердегі қазақ ұлты диаспоралары ортасында ауызшы-жазбаша туған көркем әдебиет үлгілеріне де баса назар аударып, ондағы әдеби мәтіндердің пайда болу себептері мен тарихи негіздері, оқиғалық сюжеттері туралы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді де негізгі мақсат-мұраттарымыз деп біледі. Сондай-ақ, отандық қазақ көркем жазба әдебиетінің бұрынғы және бүгінгі поэзиялық, прозалық, драматургиялық шығармаларын тәуелсіздік заманымыздағы жаңаша ұлттық көзқарас тұрғысынан бағалап, сараптайды. Осы бағытта республикамыздағы әдебиетші ғалымдарды және шет елдердегі қазақ фольклоры мен жазбаша көркем сөз өнері бойынша ғылыми жұмыстармен айналысып жүрген ғалымдарды да әдеби ғылыми-зерттеу жұмыстарына тартып, олармен бірлесе еңбек етіп, дайындалған монографиялармен әдеби әдістемелік оқу құралдарын «Қазақ университеті» баспасынан шығаруға қолғабыс жасайды

2016-2018 жылдары Орталық жетекшісі ф.ғ.к., доцент М.Б. Үмбетаев болды.

2018-2020 жылдары Орталық жетекшісі ф.ғ.к., доцент м.а. А.А. Мәуленов болды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бастап Орталықтың жетекшісі - ф.ғ.д., профессор  Ө. Әбдиманұлы.

 

 Орталықтың мақсат-міндеттері:

- Орталық қабылданған Ереже мен университет Жарғысы және басқа да нормативтік құжаттарының негізінде әрекет етеді. Қазақстан Республикасы заңнамаларын, Қазақстан Республикасы Үкіметі Қаулыларын, жоғары тұрған органдардың шешімдері мен нұсқаулық хаттарын, университеттің сапа саласындағы саясатын басшылыққа алады.

- Орталық өзінің қызметін өзі қаржыландырады. Орталықтың қаржылық қоры төлемдік негізде көрсетілетін қызметтердің бекітілген тізіміне сәйкес, халықаралық қорлар және мекемелер, жеке және заңды тұлғалардың демеушілік көмектері мен  шаруашылық шарттар арқылы келіп түсетін қорлардан құралады.

- Орталықтың ақшалай табысы төлем/аудару бағыттары міндетті түрде көрсетіліп, университеттің Есепшотына түсіріледі.

- Университет есебіне келіп түскен қаржылық қорды бөлуді сметаға сәйкес, Орталыққа берілген рұқсат қатаң сақталып, Орталықтың жетекшісі жүзеге асырады.

- Орталық өзінің жүргізіп және үйлестіріп отырған зерттеулерінің талапқа сай сапалылығына, әрі келешекте алынған ғылыми нәтижелерді шаруашылық есеп негізінде коммерцияландыруға жауап береді.

- Орталық жұмыстарын атқаруға филология және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының оқытушы-профессорлар құрамы (ОПҚ), ғалымдары, студенттері, магистранттары мен докторанттары қатыстырылады және басқа да Ғылыми зерттеу институттары (ҒЗИ), оқу орындары, ведомоствоаралық лабораториялар мен компаниялардың мамандарымен өзара шаруашылық шарттары талаптарына сай келетін шаруашылық шарттары жасалынады.

- Орталықтың ғылыми-зерттеу қызметі жоспарларының негізін (ғылыми-зерттеу бағыты) тақырыптық жоспарлар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жобалары, тапсырыс берушілермен жасалынған шарттар, құрайды.

Сүйінбай Аронұлының шығармашылығына арналған кітап көрмесінен

 

 

Орталықтың мекен-жайы: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Әл-Фараби даңғылы, 71. Филология және әлем тілдері факультеті, № 3-8-кабинет.