МЕМЛЕКЕТТІҢ ТҰҒЫРЫ МЕН ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ -Мемлекет басшысының сұхбатынан түйген ой

05.01.2024

Көрулер: 245

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстанның» бас редакторы Дихан Қамзабекұлымен құрған әнгіме-сұхбаты жаңа жылдық үмітімізді үкілеп, сенімімізді нығайтты.

          Белгілі бір мемлекеттің сипатын тану үшін оның ел құру тұғыры қандай незізге орнағанын анықтау өте маңызды. Әрине, бұл кез-келген мемлекеттің Конституциясында жазылатын нәрсе. Алайда мемлекет тұтқасын ұстаған тұлғаның жүргізетін саясатының мақсаты мен құндылық талғамдары – бүкіл елдің әлеуметтік саяси және экономикалық өміріне терең ыпал ететіні белгілі.

          Қазақстанның тәуелсіз мемлекет жүйесін қаыптастыру үдерісі бұрынғы кеңестік құрылымдарға реформа жүргізумен өрістеп келеді. Сондықтан да мемлекет басшысы: «Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Рефор­маның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру» - деп атап айтты. «Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Біз тиянақты және жоспарлы әрекет жасаймыз, мақсатқа жету үшін үздіксіз алға ұмтыламыз» - деді. Мұнда айтылған «әділ» концепциясы – мемлекет басшысының дәйекті ұстанымы десек, «Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруға тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида», - дегені, оның саяси талғамын аңғартады. Мемлекетті заң мен басқару – замануи мемлекеттің басты белгісі. Заң атқарылған жерде тәртіп сақталатыны сөзсіз. Мемлекет басшысы реформа нәтижесіне тоқталғанда: «Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік; конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды. Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар» - деп санайды. Өйткені құрылым жүйесіне реформа жүргізген кейбір елдерде кері қайту құбылыстарының орын алып отырғаны жасырын емес. Сондықтан да «Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді» - деп қадап айтып отыр.

          Мемлекет басшысының еліміздің сыртқы саясатында, дипломатиялық қатынастарында ұстанатын концепциясын анықтай түскен. Ол: «біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы сая­сатты жалғастырамыз»; «Қазақстан тиімді әрі салиқалы сыртқы саясат жүргізу арқылы өзінің ұлттық мүддесін қорғап, стратегиялық міндеттерін орындап келеді» - деп тұжырымдайды. Сондай-ақ «біздің өзгермейтін мақсат-мұратымыз бар. Бұл – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығын сақтау», - деп атап көрсетеді. Сонымен бірге еліміздің Ресеймен және Қытаймен қарым-қатынасына сипаттма береді. Астана мен Мәскеу арасында өте жоғары деңгейде қарым-қатынас орнағанын, Ресей Қазақстанның негізгі серіктесі әрі одақтасы екені дәріптей келіп, «біз келіссөз барысында мемлекеттеріміздің стратегиялық серіктестігі мен қарым-қатынасы шынайы достық сипатынан айнымайтынын тағы да нақтыладық» - дей келіп, Ресейдің Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі екенін, екі елдің та­уар айналымы 2023 жылдың бастапқы 10 айында 21,4 миллиард доллар болғанымен дәйектейді. Сондай-ақ «Владимир Путинді сөзімен де, ісімен де жаһандық ахуал­ға ықпал ететін тұлға»,- деп сипаттайды.

          Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақан мен Қытай қатынастарына тоқталғанда: «Бүгінде Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы достық, тату көршілік және мәңгілік стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. Біз Төраға Си Цзиньпинмен бірге Қазақ­стан мен Қытай арасындағы ынтымақ­тастықтың жаңа «алтын отыз жыл­дығына» қадам бастық.

          Екі елдің өзара тауар айналымы жыл санап артып келеді. Оның көлемі 2023 жылдың 10 айдағы қорытындысы бо­йынша 24,3 миллиард долларға жетті. Бұл – жаңа рекорд! Осы уақытқа дейін ҚХР елімізге 24 мил­лиард доллар инвестиция салды. Қазақстан Қытай­­дың «Бір белдеу, бір жол» мега­жоба­­сын толығымен қолдайды», - деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл позициясы ұлы көршіміздің аталмыш жобасының халықаралық геосаяси жағдайдың сын-қатеріне ұшырып тұрған жағдайында зор қолдау болып саналады.

          Мемлекет басшысы: «Елімізде Қытайға қатысты баяғы қасаң түсініктерге негізделген немесе бізге сырттан таңылған жөнсіз үрей болмауға тиіс» - деп санайды. «Достық қарым-қатынас пен өзара сенімнің артықшылықтарын тиімді пайдалану Қазақстан үшін аса маңызды» - деп бағалайды. Мұны Абайша айтқанда «пайдасына ортақ болу, залалынан қашық болу» ұстанымы деуге болады.

          Мемлекет басшысының сұхбатында еліміздің келешек ұстанымы да пайымдалған. Ол болашақты тарихқа байланыстырып қарайды. «Тарих - біздің жалпыұлттық бірегейлігіміздің маңызды бөлігі»; «сан ғасырлық тарихымызды зерттеу, тарихи әділдікті қалпына келтіру біздің негізгі міндетіміздің бірі болып қала береді. Алайда біздің бұрын кім болғаны­мыз­дан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әл­деқайда маңызды»; «Біз өткенді аң­саумен өмір сүр­меуіміз керек. Кері­сінше, келе­­ше­гі­мізді кемел етуге ұмтылып, ұлт­­тың ұлы­лығын нақты іспен дәлел­­деуге тиіспіз. Жат мәдениеттерге көзсіз елік­теу­ден, жалған патриотизмнен, даң­ғойлық пен дарақылықтан сақтануы­мыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшілік­терге көз жұма қарамай, одан арылуы­мыз қажет. Мұның бәрі күн са­йын құбы­л­ған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды» - деп атап көрсетеді. Бұл озық ойлы ұлт болуда ұстанатын қағидат, халқымызды тәрбилеуде басшылыққа алатын негізі принцип деп санаймын. Өйткені мемлекет құру бар да, халықты тәрбилеу тағы бар. Біз тәуелсіз мемлекет құрдық, өкінішке орай, халықты тәрбилеуге жеткілікті көңіл бөлмедік, жат мәдениеттер өздерінің бөгде құндылықтарын сіңіруге бостық қалдырдық. Соның салдары Қаңтар қасыретінде толық байқалды. Шынында бұлдан ащы сабақ алуға тиіспіз.

          Мемлекет басшысы: «ұлтымыз өсіп-өркенде­сін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоға­ры бағалануға, білімпаздық пен жа­ңа­­­шылдық салтанат құруға тиіс. Біз озық ойлы ұлт ретінде халқы­мыз­ды ыдырататын емес, біріктіре­тін жолды таңдап, тек қана алға қарауы­­мыз керек. Жалпыұлттық құн­ды­лық­тар бәрінен жоғары тұру­ға тиіс. Еңбек­қор­лық, білімпаздық, кәсібилік, бір­лік, ын­ты­мақ, жанашырлық, іскер­лік, баста­ма­шылдық, адалдық, қарапайым­дылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құн­ды­­лықтар. Осындай қа­сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ­ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар­қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз» - дейді. Міне бұлар ұлт тәрбиелеудің басты ұстанымы болуға тиіс деп санаймын.

          Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда «адалдық» мәселесін айтқан кезде ойланып қалғанбыз. Бұл сұхбатында кім үшін адал болуды нақтылады. «Қарамағымда қызмет істейтін азаматтардың маған емес, Әділетті Қазақстанды құру идея­сына адалдығы әлдеқайда маңызды» - атап көрсетуі, көңлімізден шықты. Салыстырып қарайық, алып көріміз Қытайда «адалдық» мәселесі ең көп айтылатын мемлекет. Арғы тарихын айтпағанда, осы заманда адамдардың, әсіресе басшы кадрлардың парияға адалдығы, партия Орталығына адалдығы, Орталықтың басшысына адалдығы күн сайын дәріптеледі және обсалюты адалдығы май шаммен қарастырылады. Азаматтардың, әсіресе жетекшілердің мемлекетке адал болу мен жеке адамға адал болудың айырмасының жер мен көктей екенін айтпасақта түсінікті. Әрине, адалдық мемлекеттің сипатына байланысты қойылатын талап. Осыдан еліміздің қандай сипаттағы мелекет екенін аңғару қиын болмаса керек-ті.

          Мемлекет басшысының сұхбатында еліміздің тұғыры мен құндылықтары жалпыұлтық, тіпті жалпыадамзаттық құндықтарға негізделуімен ерекшеленеді және алға басудың бағдаламалық сипатымен маңызды деп санаймын.

 

Нәбижан Мұқаметханұлы т.ғ.д.,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры