Ақпараттық графика

Шығыстану факультеті

Қытайтану кафедрасы 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Қытайтану кафедрасы еліміздегі жоғары сапалы қытайтанушы мамандар дайындайтын негізгі орталық болып табылады.

            Кафедра түлектері қазіргі таңда Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстанның ҚХР-дағы елшілігінде, Республикамыздың ірі оқу орындарында, Қазақстандық және шетелдік компаниялар мен фирмаларда қызмет атқарып жүр. Кафедраның негізгі құрамы Шығыстану факультетінің түлектерінен тұрады.

 

Кафедрадағы оқу процесі

            Кафедрада 4 жылдық үлгідегі диплом негізінде төмендегі мамандықтар бойынша мамандар даярлайды:

  1. Шығыстану
  2. Аймақтану
  3. Шетел филологиясы
  4. Аударма ісі

Кафедра түлектері әрі қарай  оқуын магистратурада, PhD  докторантурада,  Қазақстанның немесе ҚХР-ң жоғары оқу орындарында жалғастыра алады. Кафедрада оқу процесі жаңа технологиялар мен жаңа оқу әдістеріне сүйене отырып жүргізіледі. Оқушылардың білімін бағалап, тексеру кезінде  тесттік жүйе қолданылады.

Кафедра қажетті оқу құралдарымен, техникалық құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етілген.

Кафедра студенттері жыл сайын ҚХР-да тілдік тәжірибеден өтуге жіберіледі.

 

Оқытушылар

            Қытайтану кафедрасында тәжірибелі профессор, ғылым кандидаттары, аға оқытушылар қызмет атқарады. Қафедра оқытушылары өз мамандықтары бойынша білімдерін жетілдіру мақсатында шетелдерге жіберіліп отырады. Сондай-ақ кафедрада жыл сайын әртүрлі келісімдер арқылы ҚХР-нан келген жоғары деңгейдегі мамандар дәріс береді.

 

Кафедраның ғылыми өмірі

            Кафедраның ғылыми-зерттеу жұмыстары Қиыр Шығыс елдері, оның ішінде Қытай мемлекеттерінің тілі мен әдебиеті, тарихы, мәдениеті, экономикасы, саясаты және Қазақстан республикасымен арадағы байланыс мәселелеріне бағытталған.

             Кафедра студенттерінің әртүрлі деңгейдегі ғылыми-шығармашылық конференцияларға қатысып, өздерінің ғылыми ізденістерін жетілдіруіне мүмкіндіктері бар. Сонымен қатар студенттер республика, Орта Азия және ТМД мемлекеттері деңгейінде өткізілетін әртүрлі тілдік олимпиядаларға және шығыстанушылардың конференциясына қатысып тұрады.

 

Кафедраның халықаралық байланыстары

             Бүгінгі таңда кафедра Қытайдың көптеген жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан.  Тікелей келісімдер арқылы ҚХР-дағы Синьцзян университеті, Пекин университеті, Ланьчжоу университеті,  Халық университеті және ұлттар университетімен байланыстар орнатылған.

            Кафедра оқытушылары мен студенттері жоғарыда аталған оқу орындарына әртүрлі мерзімге тілдік тәжірибеден өтуге және білімін жетілдіруге жіберіледі.

            Сонымен қатар ҚХР-ның Қазақстандағы елшіліктерімен тығыз байланыс орнатылған. Кафедраның және елшіліктің ұйымдастыруымен мәдени, қоғамдық, ғылыми,  спорттық іс-шаралар жиі өткізіліп тұрады.

Кафедраның әлеуметтік өмірі

 Кафедра студенттері университеттің қоғамдық өміріне де белсене қатысады.  Әртүрлі іс-шараға қатысу барысында студенттер өздерінің жасампаздығы мен ерекше ой қабілеттерін жан жақты көрсете алады.  Сонымен қатар, қызықты уақыт өткізу арқылы студенттер оқу жүктемесінен көңілін сергітеді.

Кафедрада түрлі үйірмелер жұмыс атқарады. Бұл үйірмелер студенттерді ғылымға тартып қана қоймай, оларды қоғамдық өмірге бейімдеп, қызықты әрі маңызды шаралар өткізеді. Ал қытай тілінде ауызша сөйлеу мен шешендік өнерін дамытам деушілерге кафедрада өтетін спикинг-клабқа қатысуға болады. 

 

Құрметті талапкер!

Бүгінгі таңда қоғамымызға қытайтанушы мамандар аса қажет. Күннен күнге ауқымы кеңейіп келе жатқан халықаралық байланыстар, мәдени,  ғылыми,  экономикалық қарым-қатынас осы сала мамандарына деген сұранысты күшейтіп отыр. Егер сіз әлемдегі ең іргелі тілдердің бірін меңгерем десеңіз, аса бай шығыс мәдениетінің тұңғиығына сүңгимін десеңіз, нарықтық бәсеке заманында жоғары сапалы білім алып, білікті маман боламын десеңіз, сізді біздің Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасында күтеміз!

Бізде жоғары білім алу мемлекеттік грант және ақылы негізде жүргізіледі.

Келіңіз, Қытайтану кафедрасына студент болыңыз!