Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлы «Мақалатану және ғылыми мақала жазудың байланыстары» деген тақырыпта ғылыми семинар өткізді

01.12.2023

Көрулер: 493

2023 жылдың 30 қараша күні «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу» орталығының директоры, Қытайтану кафедрасының профессоры Нәбижан Мұқаметханұлы «Мақалатану және ғылыми мақала жазудың байланыстары» деген тақырыпта ғылыми семинар өткізді. Семинар кафедраның ғылыми семинарлар жоспарларына сәйкес ұйымдастырылды. Семинарға оқытушылар, докторанттар мен магистранттар қатысты. Нәбижан Мұқаметханұлы 40 жылдан аса уақыт ғылыммен шұғылданып жүрген ғалым ретінде өзінің жиған-терген тәжрибесімен бөлісті. Профессор қазіргі кездегі магистратура мен докторантурада оқып жүрген жас ғалымдардың мақала жазуда қандай қиындықтарға тап болатынын, қандай кемшіліктері барын дөп басып айта отырып, оларға мақала жазудың қыр-сырын тыңғылықты түсіндірді. Мақаланың қандай түрлері барынан басталған дәріс, ғылыми деректер мен материалдар жинау, алдыға нақты мақсат-міндеттер қоя білу, жоспар құра білу, соңынан қортынды жасай білудің әдіс-тәсілдеріне ұласты. Семинардың қатысқан жас ғалымдарға пайдалы да қызықты болғанын соңынан қойылған сұрақтарға қарап-ақ байқауға болар еді. Профессор Мұқаметханұлы қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, жас ғалымдарға «инемен құдық қазғандай» қиын ғылым жолында талмай еңбек ете беру керек екенін айтып жиынды қортындылады.