ЖЕТЕКШІ АУДАРМАШЫЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН МАСТЕР-КЛАСС ӨТТІ

29.11.2023

Көрулер: 475

   2023 жылғы 28 қарашада шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасы "Азия газ құбыры" ЖШС аударма бөлімінің жетекші мамандары Чен Бо мырза, Цзян Тао мырза, У Бин мырза, Багжан ханымның қатысуымен IV қалалық ғылыми семинар-практикум өткізді. Ғылыми семинар-практикумды қытайтану кафедрасының профессор м.а. Фатимабибі Ноғайқызы Дәулет кафедраның докторанттары мен магистранттарына оқылатын "Аударманы оқытудың инновациялық технологиялары мен әдістемелері", "Заманауи аударма тұжырымдамалары" және "Шығыс тілінде сөйлеу этикеті және келіссөз практикасы" пәндері аясында ұйымдастырды. Бұл іс-шараның мақсаты – «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқып жатқан докторант, магистрант, бакалаврларды конференц-аударма (екіжақты аударма) бойынша инновациялық әдістемелерді қолданудың теориясымен таныстыру және практикалық мысалдарымен негіздеу болып табылады. Семинар аясында профессор Дәулет Ф.Н. конференц-аударма бойынша мастер-класс өткізді. Мастер-класс барысында профессор конференц-аударма-бұл күрделі психолингвистикалық процесс екенін ерекше атап көрсете отырып, ауызекі аудармашыға біріншіден, аудармаға қатысатын тілдерді жоғары дәрежеде игеруі, екіншіден, психологиялық жағынан дайын болу, үшіншіден-жоғары эрудицияның маңыздылығын айтты. Профессор сонымен қатар ауызекі аударманың негізгі әдістерін: қабылдау мен сөйлеуді кезектесіп және бір уақытта жүзеге асыру режимі, сондай-ақ аударманың бұл түрінің негізгі лингвистикалық ерекшеліктері туралы айтты. Мастер-класс аясында профессордың оқушысы, 1курс магистранты Бақнар Дәнкей де сөз алды. Бақнар аудармашыға қажет өзекті кәсіби дағдыларға аудармада қолданылып отырған шетел тілдерін жетік білімен қатар, өзін-өзі ұйымдастыру, өзін-өзі бақылау, жақсы дикция, зейінділік, ұтқырлық, шыдамдылық, психологиялық төзімділік секілді қасиеттердің маңыздылығын ерекше атап көрсетті. 1 курс магистранты Саденова Алима лекторлардың сөздерін ілеспе аударма жолымен тәржімалап, осы арқылы ауызша аударманың бұл күрделі түрінің стилистикалық, лексикалық ерекшеліктерін көпшілікке паш етті.

   Семинар қонағы, "Азиялық газ құбыры" ЖШС аударма бөлімінің жетекшісі Чэн Бо мырза жоғарыда аталған кәсіби дағдылардан басқа, ауызша аудармашы актерлік қабілетке де ие болу керек екенін айтты. Өйткені аудармашы сөйлеушінің сөйлеу мәнерін түсініп, оның стиліне бейімделіп, тыңдаушыларға бейвербалды ақпараттарды да жеткізу керек. Ал Цзян Тао мырза аудармашы физикалық жүктемелерге төзімді болу керектігін айтты. Себебі, әдетте аудармашыға жұмыс барысында ұзақ уақыт бойы психофизиологиялық кернеуге төтеп беруге тура келеді.

   Семинарға қатысушылар бұл секілді іс-шараларды өткізудің маңызды екенін атап өтті. Өйткені бұндай семинар-практикумдар барысында білікті аудармашылар өздерінің кәсіби тәжірибелерін әріптестерімен және ЖОО студенттерімен бөлісе алу мүмкіндігіне ие болады.