Қытайтану кафедрасының оқытушылары ҚХР-ның бас консулымен кездесті
Көрулер: 491
18.10.2023 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы бірқатар шәкірттерімен бірге Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Цзян Вэй ханыммен кездесті. Цзян Вэй ханым қонақтарды жылы қабылдап, кездесу өте жоғары, өзара пікір алмасу деңгейінде өтті.
Кездесу профессор Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызының Бас консул Цзян Вэй ханыммен ресми түрде танысу рәсімінен басталды. Өзара ілтипат көрсетілгеннен кейін профессор бүгінгі кездесу біздің президентіміз Қ.К.Тоқаевтың ҚХР-ға ресми сапарымен, университет ректорының Пекин тілдер және мәдениет университетіне сапарымен тұспа –тұс келгенін де тілге тиек етті.
Алдабек Н.А. Қытайтану кафедрасының қытайтанушыларды дайындаудағы ерен еңбегі жайлы баяндап, бүгінде кафедра түлектерінің Қазақстаннның СІМ, Шығыс елдерінің бірқатар елдерінде елшілік қызметтерді, түрлі жоғары мемлекеттік қызметтерді атқарып жүргенін, соның ішінде Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы елшісі Шахрат Шәкізатұлы Нурышев, Моңғолия Республикасындағы елші Ғабит Қойшыбаев сияқты және т.б. алғашқы шәкірттерінің жетістіктерін мақтанышпен айтты. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Қазақстанның қытайтану ғылымын дамытуда іргелі зерттеулермен айналысып жүрген, бірқатар ғалым шәкірттерін, атап айтсақ, т.ғ.к., Бектурганова П.Е., т.ғ.к., Ашинова Ж.Е., PhD, Дәуен Д.Б., PhD, Сериккалиева А.Е., PhD Нуржаева А.М., Түргенбай А.А., Карабасова А.А., Акылбай А. және т.б. таныстырды. Ғылым жолында шәкірттері республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми жобаларға қатысып, халықаралық рейтингтік журналдарда мақалалар жариялайтынын, мысалы, PhD, А.Е Сериккалиеваның елімізде және шет мемлекеттерде өтіп жатқан халықаралық конференцияларда жасаған баяндамаларының ғылыми ортаның қызығушылығын тудырғанын айтты. Олардың болашақ қытайтанушыларды дайындауда үлкен үлес қосып, оқытушылық қызмет атқарып жүргендіктерін де ескертті.
Қазақ білімінің қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті қытайтану кафедрасы Қазақстанда қытайтанушыларды дайындайтын бірден- бір орталық. Онда қытай тілі ғана емес, тарихы, мәдениеті, әдебиеті, сыртқы саясаты, экономикасы, қоғамдық ой-санасы бәрі жан-жақты оқытылады. Білім беру мен ғылымды дамытуда әлі де шешілмеген мәселелер баршылық, соларды шешуді 2016 жылы заңды түрде құрылған «Қытайтанушылар ассоциациясы» аясында қарастырсақ деген ұсынысын білдірді.
«Қытайтанушылар ассоциациясының» төрайымы Д.Б. Дәуен жалпы ассоциация тізгінін осы жылдың мамыр айында ғана бұрынғы төрағасы, профессор Н. Мұқаметханұлының ұсынысымен қолына алғанын, елімізде құрылып жатқан көп ассоциациялардан ерекшелігі мүшелерінің басым бөлігі Алматы қаласындағы ЖОО оқытушылары болғандықтан, соған сәйкес көтеретін мәселелері де білім беру саласы, оның сапасын көтеру, білікті аудармашыларды дайындау, оқулықтар жетіспеушілігі сияқты қытайтанушы мамандарды даярлаудағы маңызды мәселелерді шешуде қолдау керек екендігін айтты.
Бас консул Цзян Вэй ханым өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың достық және өзарасенім негізінде дамып келе жатқанын және болашақта осы бағытта дамуына біздердің және сіздер сияқты қытайтанушылардың да қосар үлесі зор деді. Қазақстанда түрлі ассоциациялар құрылып жатқандығын, әлі де түрлі ұйымдар, клубтар құру туралы ұсыныстардың да көптеп түсетіндігін, мысалы, жақында «Қытай достарының Клубын» құрсақ деген ұсыныстың түскендігі жайлы мәлімдеді. Бұл қуантарлық жайт, өте құптарлық үрдіс, және осындай ұсыныстарды біртіндеп жүзеге асыруды ойластырып отырмыз деген пікірін білдірді. Және де «Қытайтанушылар ассоциациясын» Қазақстанда алғаш құрылған ұйым ретінде қызметін қолдауға дайын екендігін, дегенмен, жалпы ынтымақтастық контенті мен бағытын нақтыласаңыздар деген ұсыныс жасады.
Кездесу соңында профессор алдымен Бас консулға жылы қабылдап, көрсеткен құрметі үшін алғыс айтса, Цзян Вэй ханым өз кезегінде жақын танысқандығына риза екендігін, осы ынтымақтастық ары қарай жалғасын тапсын деген тілегін білдірді.