УНИВЕРСИТЕТТЕГІ СПОРТ МЕРЕКЕСІ
Көрулер: 916
Салауатты өмір салтын ұстану-қазіргі қоғамда өте өзекті мәселе екені даусыз. Әсіресе, соңғы жылдары денсаулықтың қадірін түсініп, оны үнемі қаперде ұстау керектігін үйрендік. Ал денсаулықты жақсартудың, адамның иммунитеттік қабілетін арттырудың жолының бірі – СПОРТ екені дау туғызбаса керек.Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессорлық-оқытушылық құрам арасында «Қысқы спартакиада» өткізілу дәстүрге айналып, жүзеге асып келе жатқанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Тек соңғы бірнеше жылда, әлемді үрейлендірген ауыр сырқаттың тұсында және елдегі жағдайға байланысты сол дәстүр үзіліп қалды. Дегенмен, биыл ҚазҰУ жұрты сол қуанышпен қайта табысты. Спорттың ондаған түрінен жарыс мәресі 5 қаңтар күні басталып та кетті.Әрине, жарыс болған соң, мықтының жеңері күмәнсіз. Дегенмен, бұл спорттық іс-шара университет ұжымын ұйыстыра түсіп, көңілдеріне қуаныш сыйлайды. Жаңа оқу семестрі алдында серпілтіп, келер спартакиадаға дейін айта жүрер қызықтарымен есте қалады.Сондықтан да, осы жарысқа белсене қатысып жатқан Шығыстану факультетінің спортшыларына сәттілік тілейміз. Тек қана алға!






