ҚХР - дың Алматы қаласындағы Бас Консулы Гэн Липин ханымның Шығыстану факультетінде өткен «Қытай - Қазақстан қарым-қатынастарының перспективалары» атты лидерлік дәрісі

19.12.2019

Көрулер: 2161

ҚХР-дың Алматы қаласындағы Бас Консулы Гэн Липин ханым ҚазҰУ, Шығыстану факультетіне арнайы келіп, қытайтану кафедрасының оқытушылары мен студенттеріне «Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарының перспективалары» атты лидерлік дәріс өткізді. Дәріске Бас Консул Гэн Липин, Вице консул Мяо Хунбо, Консулдықтың жаңалықтар бөлімінің басшысы Хуан Тянь және бірнеше атташелар, шығыстану факультетінің басшылары, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар және студенттер қатысты. Дәрісте Қытай мен Қазақстан қарым-қатынастарының өткені, бүгіні мен болашағы, сонымен қоса, тарихи, саяси, экономикалық және мәдени байланыстары баяндалды.

Гэн Липин ханым өз сөзінде екі мемлекет арасындағы байланыстың нығаюына Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің достығы зор үлес қосқанын да баса атап өтті. «Екі елдің көшбасшылары тек қызметтік байланыстарын дамытып қана қойған жоқ, сонымен қатар жақсы дос болды. Екі мемлекет басшыларының тікелей қамқорлықтарының және айрықша көңіл бөлулерінің, сондай-ақ екі тараптың да бірлескен күш-жігерлерінің арқасында соңғы жылдары Қытай мен Қазақстанның ынтымақтастығы әртүрлі салаларда жемісті нәтижелерге қол жеткізді және екі елге де нақты пайдасын тигізіп отыр»,- деді Гэн Липин ханым. Сонымен қоса, Қазақстанның қазіргі президенті Қасым Жомарт Тоқаевтың қытайтанушы екендігін, бұл оның екі елдің әріптестік байланыстарын терең түсінуіне жол ашатынын ерекше атап өтті.

Дәрісте екі жақты экономикалық ынтымақтастықтың Қытай-Қазақстан стратегиялық әріптестіктің маңызды материалдық іргетасы болып табылатыны, қазіргі күні Қытай Қазақстанның әлем бойынша екінші, ТМД елдері бойынша бірінші сауда әріптесі екендігі, екі жақты сауда-саттықтың көлемі Қытайдың Орталық Азия елдерімен жалпы сауда-саттығының жалпы көлемінің 80 пайызынан асып кеткенін атап көрсетті.

Гэн Липин ханым Қытай Қазақстанның өзінің бірегей географиялық артықшылықтарын пайдалану арқылы транзиттік әлеуетті дамытуға бағытталған белсенді іс-әрекетін қолдайтынын, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі жобасын және жылдамдығы жоғары теміржол құрылысы жобасын жүзеге асыруда Қазақстандық экономиканың жалпы деңгейін айтарлықтай көтеретіндігіне және халықаралық бәсекелестіктегі позициясын нығайта түсетіндігіне сенім білдірді.

Гэн Липин ханым сонымен қатар екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған кезден бастап гуманитарлық ынтымақтастық белсенді дамып келе жатқандығына тоқталды. Екі ел үкіметтері білім, мәдениет және өзге де салалардағы ынтымақтастық туралы бірқатар келісімдерге қол қойған. Жиі кездесулер механизміның тиімді жұмысы арқасында өңірлер мен екі ел халықтары арасындағы достастық байланыстар қарқынды дамып келеді. Білім саласында екі елдің ведомстволары көпқырлы ақпараттық және дербес тәжірибе алмасуларды жүзеге асыруда, оның ішінде тілдік сала да бар. Бүгінде Қытайда он бес мыңдай қазақстандық студенттер білім алуда, ал Қазақстанда 1400 қытайлық студент білім алып жатқандығы айтылды.

Дәріс барысында Гэн Липин ханымға сұрақтар қойылып, пікірлер алмасты. Оқытушылар мен студенттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарға, оның ішінде Қытайға оқу гранттарын арттыру, жұмыс жәрмеңкесін өткізу, инновациялық жобаларға қолдау сияқты ұсыныстар бойынша тұшымды жауап алды. Бас Консул болашақта бұл ұсыныстарды жан-жақты қарастыратынын жеткізді.

Дәріс соңында Бас Консул қытайтану кафедрасына қытай тарихы мен әдебиетіне қатысты бірнеше еңбектерді тарту етті. Өз кезегінде шығыстану факультетінің басшылары мен қытайтану кафедрасының ұжымы Гэн Липин ханым мен қонақтарға ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.