Қазақстан жазушыларымен онлайн кездесу

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттер бойында бағалы рухани және құндылық бағдарларды қалыптастыру және кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін «100 кітап» жобасын табысты жүзеге асыру мақсатында танымал жазушы, ақындармен шығармашылық кездесу өткізетін заманауи дәстүр қалыптастырды.

ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы «100 кітап» жобасы аясында белгілі жазушы, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Адам Мекебаевтың 80 жылдық мерейтойына орай «Қаламгер келбеті» тақырыбында жазушылармен онлайн-сұхбаттасу өткізеді.

Онлайн кездесудің құрметті қонақтары: белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Марал Ысқақбай; ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып; ақын, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай; белгілі жазушы, «Тарлан –Үміт» сыйлығының иегері, ҚР Президентінің Бұқаралық ақпарат саласындағы сыйлығының лауреаты Жүсіпбек Қорғасбек; белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ахат Жақсыбаев; ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері Сансызбай Құттыбаев; әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, Адам Мекебаевтың жары Гүлжамиля Ескөбек.

Шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, студенттері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары қатысады.

Онлайн байланыс барысында Адам Мекебаевтың өмірі мен қызметі жайлы тың әрі қызықты мәліметтер айтылып, жазушының қаламынан шыққан шығармалар, повестер мен романдары, әдеби-шығармашылық мұрасының маңыздылығы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына қосқан үлесі сөз етіледі.

Онлайн шара 2020 жылдың 28 сәуірінде сағат 15.00-де басталады. Қатысуға ниет білдірушілер https://us02web.zoom.us/j/87503937865 сілтемесімен қосыла алады.

Басылым күні :  29.04.2020