БҮГІНГІ БІЛІМ БЕРУ ПАРАДИГМАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТІЛ МӘСЕЛЕСІ» АТТЫ КӨШБАСШЫЛЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Филология факультетінде ағымдағы оқу жылында «Профессор сағаты» жобасы қолға алынып, сол жоба аясында университетіміздің беделді, танымал ғалымдары, өз саласының майталман мамандары өзекті тақырыптар төңірегінде дәріс оқып, өз пікірлерін ортаға салып, ой бөлісіп келеді. Бүгін Қазақ тіл білімі кафедрасының ұйытқы болуымен өткен кезекті көшбасшылық дәріс «Бүгінгі білім беру парадигмасындағы ұлттық тіл мәселесі» тақырыбында өтті.

 

Өзекті тақырып төңірегінде ой өрбіткен дәріскер Тымболова Алтынай Оразбекқызы – филология ғылымдарының докторы, профессор; лексикология, фразеология, лингвопоэтика, әдістеме, тіл мен мәдениет байланыстарына тереңінен үңіліп, зерттеу жасап жүрген ғалым; ЖОО-ның үздік оқытушысы, ұлағатты ұстаз. Кәсіби қызметі ұстаздықпен өріліп жатқандықтан Алтынай Оразбекқызы бүгін ғылыми қауым талқысына осындай маңызды тақырыпты ұсынды.

 

Ғалым дәрістің кіріспе бөлімінде бүгінгі білім беру жүйесіне тікелей әсер етуші факторлар ретінде өндірістік және қоғамдық-саяси парадигмалардың өзгеруін атап өтті. Яғни, Елбасымыз айтқан Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайы білім беру парадигмасының мазмұнын айқындаушы үдеріс екендігіне тоқталды. «Бүгінде адамзат баласы дүниені қолдың, яғни, бейнеттің күшімен емес, ақылдың күшімен игеруде» - деп ой түйгізген ғалым қазіргі білім беру жүйесіндегі «Smart» ұғымына тереңінен талдау жасап, оны құраушы бірліктерге анықтама берді. Smart-жоспарлар негізінде білім беру қандай нәтиже беретінін нақты айқындап берді.

 

«Ақылды /смарт/ қоғам құруда ақылдық ұрпақ тәрбиелей алып жүрміз бе? Жаһандану белең алған қазіргі таңда ұрпағымыз ұлттық құндылықтарды жете түсіне ме? Ұлт тілінің ахуалы қандай? Жастардың ұлттық санасындағы көркем ойлау ерекшеліктері мен тіл мәдениеті қай деңгейде?» - міне, осындай күрделі, кешенді сұрақтар төңірегінде ғалым өз көзқарасын білдіріп, бұл мәселелерді шешудің бірнеше жолдарын атап көрсетті. Сонымен қатар, педагогтар қауымының алдында альфа-ұрпақты тәрбиелеу міндеті тұрғанына ерекше басымдық берді.

Алтынай Оразбекқызы салыстырмалы деректер негізінде ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық тілдің маңызын, оның отбасыдан басталуы қажет екендігін дәйектеп өтті. Атақты философ Ж.Пиаженің, жапон кәсіпкері Масару Ибуканың еңбектеріне сүйене отырып, бала санасын қалыптастырудағы ұлт тілінің қызметіне талдау жасады.

Тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына да тоқталып өткен ғалым: «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың әлеуеті дейтін бағыт болды. Онда мемлекеттік тілде сөйлеу абырой болуы, бедел саналуы тиіс. Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту керек деген мақсат көзделген. Бағдарлама мерзімі бітті. Осы мақсат қалай орындалды?» - дей келе, қазақ тілінің қоғамдағы трансмиссиясының әлсіреу үрдісіне өз алаңдаушылығын білдіретінін де тілге тиек етті. Әрине, жақында ғана парламенттік мінберде көтерілген мәселе өз шешімін табады деген үмітіміз басым екендігі рас.

Алтынай Оразбекқызының көшбасшылық дәрісі шын мәнінде жан-жақты, көпқырлы, бүгінгі білім беру парадигмасындағы маңызды мәселелерді кешенді түрде қарастыра алуымен ерекшеленді. Мәселен, дәріс барысында айтылған сөйлеу тілі мен эстетикалық сана, шешендік өнерді дамыту, апато-абулизм және т.б. мәселелер – бір-бірімен тығыз байланыста өрбіп, өрістеп, дамып жатқан әрі әлеуметтану, педагогика, әдістеме, тіл білімі ғылымдарының аясында қарастырылуы тиіс екендігі анық.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми-педагогикалық тұжырымдарын басшылыққа ала отырып ғалым қазіргі таңдағы оқу сауаттылығын дамыту мәселесіне айрықша назар аударды. PISA халықаралық зерттеуінің статистикалық деректеріне сүйенсек, оқу сауаттылығы бойынша білім алушыларымыздың көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Мұның себебі мен салдарына үңілген ғалым алда жаңа мақсат-міндеттер тұрғандығына тоқталды.

 

Көшбасшылық дәріс соңында қатысушылар сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелер жөнінде жауап алды. Профессор Г.Смағұлова, Ә.Жүнісбек, З.Күзекова және алыс-жақын шет елдерден қатысқан ғалымдар дәрістің құндылығын жоғары бағалап, өздерінің жылы лебіздері мен ыстық ықыластарын білдірді.