Ғалым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Ордамен кездесу

 

 

13.12.19 сағат 16.00 Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының ұйымдастыруымен «Айналаңды нұрландыр» жобасы аясында М.О Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері ф.ғ.д. Гүлжаһан Жұмабердіқызы Ордамен кездесу өтті.

Ғалым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда - «Алаштың бір ардағы», «Көркем ойдың құдіреті», «Мүсілім Базарбаев зерттеулері және әдебиеттану ғылымының мәселелері» монографияларының авторы; 10 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» іргелі-ғылыми зерттеулерін шығарушы және мекьтептің 10 сынып оқушыларына арналған «Қазақ әдебиеті 10 сынып» мен «Қазақ әдебиеті Хрестоматия10 сынып» оқулықтарының авторы. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасына қатысқан, аяулы жар, ана.

Кештің мақсаты студенттерге қазақ ғылымына аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосып жүрген ғалым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орданың шығармашылығымен жақыннан таныстыру және ғылымға, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағыттау болып табылады.

Кеш барысында ғалымның өмірі және шығармашылы туралы слайд көрсетіліп, баяндама оқылды. Сөз алған Гүлжаһан Жұмабердіқызы басынан кешкен қиыншылықтары мен жетістіктеріне тоқтала отырып, желтоқсан оқиғасына қатысқаны туралы да әңгімеледі. Ғалым студенттерге «Сіздер бақытты жастарсыздар! Тәуелсіз елдің, бейбіт күннің ұрпақтарысыздар! Өз еліңізде өз тіліңізде өз ойыңызды ашық жеткізе аласыздар! Мұнан асқан бақыт бар ма!» дей келе, білімді, ақылды, озық ойлы жастар қатарынан табылуларына тілектестік білдірді.

Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының 3-4 курс студенттері желтоқсан және тәуелсіздік тақырыптарында өлеңдер оқыды және ғалым апайларына сұрақтар қойып, пікір алысты. Кездесу соңында Ғалым Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда өзінің еңбектерін ТҮРКСОЙ кафедрасының кітапханасына сыйға тартты. Сондай-ақ, Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының меңгерушісі Үміт Тұрсынбайқызы Қыдырбаева қонағымызға факультет атынан алғыс хат табыстады.

 

Түрксой кафедрасының 3-4 курс студенттерінің

куратор-эдвайзерлері:А.Ж. Назарова, Г.Қ. Теменова

Басылым күні :  18.12.2019