А.Буранның «Түркиядан тыс Түркі әлемінің түркітанушылары» атты кітабының тұсаукесері

А.Буранның «Түркиядан тыс Түркі әлемінің түркітанушылары» атты кітабының тұсаукесері

2019 жылдың 2 қазаны күні Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасының шақыруымен Фырат университетінің профессоры, түркітанушы, ғалым Ахмет Буранмен кездесу өтті. Кездесуге Түрксой кафедрасының меңгерушісі Ү.Қыдырбаева, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары Монтанай Э., ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі кафедра менгерушісінің орынбасары, Абдукадыров Н., кафедраның оқытушылары мен профессорлары, түркітану мамандығының докторанттары мен студенттері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – А.Буранның «Түркиядан тыс Түркі әлемінің түркітанушылары» атты 2-томдық еңбегімен таныстыру болды. Ахмет Буран: «Менің ұстазым доктор, профессор Түнжел мырза «Түркияның түркітанушылары» атты еңбегін жариялаған. Біз де ұстазымыздың қолдауымен түркі әлемінің түркі тілдерін зерттейтін ғалымдармен танысу мақсатында дүниежүзінде аналогі табылмайтын еңбек жариялап отырмыз...» деп еңбекті жазуға түрткі болған негізгі себебін түсіндірді.

А.Буран аталмыш кітапты құрастыруға шамамен бір жарым жыл жұмсағанын, әрі ақпарат жинауда бірқатар қиындықтарға тап болғаны жайлы сөз қозғады. Сөз ортасында Қазақстан мемлекетінің түркітанушылар тізімін құрастыру мен ақпараттар жинауда профессор, түркітанушы Г. Қосымованы ерекше атап өтіп, Түрксой кафедрамыздың меңгерушісі Ү. Қыдырбаева Үміт, А.Абуова, Н.Шуиншинаны кітапты шығаруда үлкен үлес қосқандары үшін өз алғысын білдірді.

Азербайжан, чуваш, татар, өзбек, қырғыз түркітанушылармен қатар А.Байтұрсынұлы, К.Кемеңгерұлы, Қ,Жұбанов, И.Кеңесбаев, түркі руникалық жазбаларын зерттеген Ғ.Айдаров, Р.Сыздықова, А.Қайдар, Ш.Сарыбаева, А.Ибатов, Т.Жанұзақ, А.Болғанбайұлы, К.Аханов, А.Құрышжанұлы, К.Өміралиев, Е.Жанпейісов, К.Мұсаев, Қ.Есенов, Б.Әбілқасымұлы, М.Томанов, А.Аманжолов, Ө.Айтбайұлы, Т.Сайрамбаев, М.Жолдасбеков, А.Жұбанов, С.Исаев, Ә.Жүнісбеков, Б.Қалиев, т.б. отандық түркітанушы ғалымдарымыз тізімге енген.

Дегенмен түркітану ғылымына еңбек сіңірген кейбір отандық ғалымдардан С.Аманжолов, Н.Оралбаева, М.Балақаев, Ғ.Қалиев сияқты түркітанушы ғалымдар тізімге енбей қалған. «Мұның басты себептерінің бірі – материалдың көптігіне, ақпаратты жүйелеуде және оны жинақтауда кеткен қателіктер болуы мүмкін,» - дейді профессор Г.Қосымова.

Кездесуде кітаптың тұсаукесерімен қатар, болашақта А. Буран мен Түрксой кафедрасының оқытушы-профессорлар арасында ғылыми жобалар жасалатыны жайлы келіссөздер жүргізілді.

Шығыстану факультетінің деканы PhD Ы.М.Палтөре құрметті қонағымызға шығармашылық табыс тілеп, арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Толық ақпарат үшін төменгі сілтемеге басыңыз: 

https://www.youtube.com/watch?v=v8R0xw-mzQo

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Шығыстану факультеті

Түрксой кафедраның

аға оқытушысы, докторант

Кайранбаева Назым Нургельдиевна



Басылым күні :  03.10.2019