Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Малайзиялық қонақтар Шығыстану факультетінде

22.10.2019

Малайзиядағы Халықаралық ислам университетінің профессоры, PhD Хаслина бинти Хассан (Haslina binti Hassan) бастаған бір топ делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетіне арнайы іссапармен келді.

Малайзия Халықаралық ислам университеті (International Islamic University Malaysia) әлемдегі озық үлгідегі исламдық жоғары оқу орны ретінде Малайзия үкіметі мен Ислам Ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) қолдауымен 1983 жылы 23 мамырда негізі қаланған. Үкімет астанасы Куала-Лумпурдан он үш шақырым қашықтықтағы Селенгор штатының Гомбак ауданында орналасқан Халықаралық ислам университеті (UIAM) ауқымды кітапхана қоры мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әйгілі. Қазіргі таңда университетте 14 факультет пен әртүрлі бағдарламалармен жұмыс жасайтын бакалавриат мамандықтары жұмыс істейді, сондай-ақ, магистратура мен докторантура бойынша білікті мамандар даярлайтын ғылым ордасы.

Профессор Хаслина бинти Хассан, доктор Низам бин Абдулазиз бастаған арнайы делегация Шығыстану факультетінің деканы, PhD Палтөре Ықтияр Молдатөреұлының арнайы қабылдауында болып, екі университеттегі шығыстану саласындағы білім мен ғылымның өзектілігі, шығыс тілдері соның ішінде араб тілін үйретудің маңыздылығы мен басымдықтары жайын сөз етіп, болашақта бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын, ортақ іс-шаралар ұйымдастырудың мүмкіндіктері жайындағы ойларымен бөлісті.

Малайзиялық делегация Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушы-профессорлары, студенттерімен кездесіп, Малайзия жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен білім алушыларға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар, шетелдік студенттерге арналған халықаралық гранттар туралы айта келе, Халықаралық ислам университеті қабырғасында шығыстанушы мамандарды (соның ішінде араб тілін меңгерген) даярлайтын құрылымдық бөлімдер мен ғылыми-зерттеу орталықтар, шетелдік білім алушылар үшін жасалған жағдайлар туралы баяндап берді. Сұхбат соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Малайзиялық арабтанушы ғалым, PhD Хаслина бинти Хассан Шығыстану факультетінің араб тілі бөлімінде оқып жатқан студенттерді қызықтырған Малайзиядағы араб тілі мен әдебиетін оқыту, шығыстанушы мамандар даярлаудағы озық тәжірибелері туралы баяндап, білім алушыларды Малайзия Халықаралық ислам университетінде білімдерін жетілдіруге мүмкіндітері бар екендігін, тәжірибе алмасуға болатындығын айта келе шығыс тілдерін үйретіп жатқан барша жастарға табыс пен сәттілік тіледі.

Ары қарай оқу >>

12 қазан күні Шанхай шет тілдер университетінің профессоры, Ресей және Орталық Азия елдері бойынша зерттеуші ғалымы Уаң Ниң мырзамен кездесу өтті

12.10.2019

Қазан айының  12 жұлдызында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Шығыстану факультеті , қытайтану кафедрасының оқытушы –профессорлар құрамы және магистрант, студенттері мен ҚХР, Шанхай шет тілдер университетінің профессоры, Ресей және Орталық Азия елдері бойынша зерттеуші ғалымы Уаң Ниң мырзамен кездесу өтті. Кездесу барысында профессор мырза Қытайтану ұжымына Шанхай шет тілдер университетінің қысқаша тарихымен таныстырып, өзінің зерттеу бағыты жайлы әңгіме өрбітті. Кездесу соңында түрлі тақырыптарда студенттер сұрақтар қойып, профессор лайықты түрде жауап берді. Кездесу өте қызықты және сәтті өтті.

Ары қарай оқу >>

ТУЫЛҒАН КҮНІҢМЕН, ҰЛЫ АДАМ!

11.10.2019

Осыдан тура 150 жыл бұрын, яғни, 1869 жылы 2 қазан күні Үндістанның Гуджарат штатында Үнді халқының әкесі, саяси және қоғам қайраткері, «Ахимса», «Сатьяграх» идеологиясының авторы Махатма Ганди дүние есігін ашқан еді. Бүкіл дүние жүзіне күш көрсетпей, қан төкпей-ақ жеңіске жетуді дәлелдеген, әлемді бейбітшілікке шақырған, касталық және нәсілдік жүйелерге қарсы дауыс көтерген Ганди - үндінің ұлы ақыны мен жазушысы, сазгер әрі суретші, қоғам қайраткері Рабиндранат Тагор атап кеткендей расымен де ұлы адам еді. Осындай ұлы адамның туылған күн мерекесін атап өтуде Қазақстан сияқты демократиялық мемлекет ешқашан шет қалған емес. Қанша жылға созылып келе жатқан дәстүр бойынша, дәл осы күні Алматы қаласындағы Махатма Ганди атындағы саябақта Махатма Гандидың туылған күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Іс-шараға Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Прабхат Кумар мырза, Алматыдағы Үндістан Елшілігінің консулы Мартин Клеменс мырза, Свами Вивекананда атындағы Үнді мәдени орталығының директоры Санджай Гарг мырза, сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігінің қонақтары мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре мырза қонақ болып келді. Сөз сөйлеген әрбір қонақ Махатма Гандидың тек Үндістан үшін ғана емес, күллі әлем және әлемдегі бейбітшілік үшін төккен тері мен ерен еңбегі жайлы сөз қозғады. Кішкентай денеге сыя алған осыншама кең жүрек бар әлемді бір болуға, дос болуға, махаббат пен мейірімге шақырды. Сондықтан да Қазақстан сияқты көптеген ұлт пен ұлыс тату өмір сүретін бейбіт ел үшін Махатма Гандидің, ұлы тұлғаның туылған күні расымен де атаулы күн. Мерекелік іс-шара барысында әндер шырқалып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті, Үндітану бөлімінің студенттері Махатма Гандиге арналған хинди тіліндегі өлең жолдары мен нақыл сөздерін оқыды. Іс-шара біздер үшін, яғни, студенттер үшін осындай ұлы тұлғаның өмір жолымен танысып-білуге, оның мейірімділік пен достық идеяларын өзімізге үлгі етуге, сонымен қатар, барша әлем мойындаған ұлы тұлғаның туылған күнінің жоғары деңгейде аталып өтілуіне үлес қосуымызға көп септігін тигізді. Күллі әлемді мейірімділік пен кең жүректің алдында тізе бүктірген Махатма Ганди біздер үшін, жалындаған жастар үшін үлгі, тамыры тереңге жайылған тарих парақтары үшін есімі алтын әріптермен жазылған ұлы жан болып қалатыны сөзсіз!

Ары қарай оқу >>

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен «Үш арыс» альбомының тұсаукесері

11.10.2019

9 қазан 2019 жылы сағат 15.00 де ҚР Ұлттық кітапхансының Н. Дәулетова атындағы залында қазақ әдебиетінің классигі, ақын Ілияс Жансүгіровтың туғанына 125 жыл толуына орай әдеби кеш және ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.

Ары қарай оқу >>

Түрксой кафедрасының 1 курс студенттеріне арналған – «Welcome party» шарасы.

11.10.2019

ҚР Президенті Қ. К. Тоқаевтің Қазақстан халқына арнаған жолдауында атап өткеніндей, елімізде 2019 жыл - «Жастар жылы» деп қабылданған болатын. Президенттің осы жолдауы аясында қазанның 4-ші жұлдызында 1 курс студенттерінің танымдық қабілеттерін арттыру және жастар арасында өзара татулықты нығайту мақсатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасында 1 курс студенттеріне арналған – «Welcome party» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шара факультет деканының оқу – әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ш.Е. Канафьева және Түрксой кафедрасының меңгерушісі Ү.Т.Қыдырбаеваның 1 курс студенттеріне деген ыстық лебіздерінен бастау алып, 2-4 курс студенттерінің өнерлерімен жалғасын тапты. Атап өтетін болсақ: жоғарғы курс студенттері түрік тілінде ән айтып, түрік халқының дәстүрлі «халайы» биін орындап, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелдік тағылымдамадан өтіп келген студенттеріміз шетелдегі студенттік өмірлерімен алған әсерлерін естелік- видеоларымен бөлісті. Университет табалдырығын алғаш аттаған 1 курс студенттеріне болашақта күтіп тұрған белестеріне деген ақыл кеңестерімен бөлісіп, интелектуалды ойындар және әр – түрлі қызықты жарыстармен кештің өңілді көтуіне ат салысты.

Яғни атқарылған бұл іс шара студенттерді біріктірудің алғашқы қадамы болып табылады. Себебі бұл мерекеде студенттер бір-бірімен танысып қана қоймай, өз өнерлерін көрсетіліп алдағы жылдарға тәжірибе жинады және мерекелік сәт студент өміріндегі ең жарқын, ең ұмытылмас кезеңнің бастамасы болып табылады деген сенімдеміз. Бұл іс-шара болашақта кафедрамызда дәстүрге айналмақ.

Ары қарай оқу >>

А.Буранның «Түркиядан тыс Түркі әлемінің түркітанушылары» атты кітабының тұсаукесері

10.10.2019

2019 жылдың 2 қазаны күні Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасының шақыруымен Фырат университетінің профессоры, түркітанушы, ғалым Ахмет Буранмен кездесу өтті. Кездесуге Түрксой кафедрасының меңгерушісі Ү.Қыдырбаева, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысы жөніндегі кафедра меңгерушісінің орынбасары Монтанай Э., ғылыми-инновациялық қызмет және халықаралық байланыстар жөніндегі кафедра менгерушісінің орынбасары, Абдукадыров Н., кафедраның оқытушылары мен профессорлары, түркітану мамандығының докторанттары мен студенттері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – А.Буранның «Түркиядан тыс Түркі әлемінің түркітанушылары» атты 2-томдық еңбегімен таныстыру болды. Ахмет Буран: «Менің ұстазым доктор, профессор Түнжел мырза «Түркияның түркітанушылары» атты еңбегін жариялаған. Біз де ұстазымыздың қолдауымен түркі әлемінің түркі тілдерін зерттейтін ғалымдармен танысу мақсатында дүниежүзінде аналогі табылмайтын еңбек жариялап отырмыз...» деп еңбекті жазуға түрткі болған негізгі себебін түсіндірді.

А.Буран аталмыш кітапты құрастыруға шамамен бір жарым жыл жұмсағанын, әрі ақпарат жинауда бірқатар қиындықтарға тап болғаны жайлы сөз қозғады. Сөз ортасында Қазақстан мемлекетінің түркітанушылар тізімін құрастыру мен ақпараттар жинауда профессор, түркітанушы Г. Қосымованы ерекше атап өтіп, Түрксой кафедрамыздың меңгерушісі Ү. Қыдырбаева Үміт, А.Абуова, Н.Шуиншинаны кітапты шығаруда үлкен үлес қосқандары үшін өз алғысын білдірді.

Азербайжан, чуваш, татар, өзбек, қырғыз түркітанушылармен қатар А.Байтұрсынұлы, К.Кемеңгерұлы, Қ,Жұбанов, И.Кеңесбаев, түркі руникалық жазбаларын зерттеген Ғ.Айдаров, Р.Сыздықова, А.Қайдар, Ш.Сарыбаева, А.Ибатов, Т.Жанұзақ, А.Болғанбайұлы, К.Аханов, А.Құрышжанұлы, К.Өміралиев, Е.Жанпейісов, К.Мұсаев, Қ.Есенов, Б.Әбілқасымұлы, М.Томанов, А.Аманжолов, Ө.Айтбайұлы, Т.Сайрамбаев, М.Жолдасбеков, А.Жұбанов, С.Исаев, Ә.Жүнісбеков, Б.Қалиев, т.б. отандық түркітанушы ғалымдарымыз тізімге енген.

Дегенмен түркітану ғылымына еңбек сіңірген кейбір отандық ғалымдардан С.Аманжолов, Н.Оралбаева, М.Балақаев, Ғ.Қалиев сияқты түркітанушы ғалымдар тізімге енбей қалған. «Мұның басты себептерінің бірі – материалдың көптігіне, ақпаратты жүйелеуде және оны жинақтауда кеткен қателіктер болуы мүмкін,» - дейді профессор Г.Қосымова.

Кездесуде кітаптың тұсаукесерімен қатар, болашақта А. Буран мен Түрксой кафедрасының оқытушы-профессорлар арасында ғылыми жобалар жасалатыны жайлы келіссөздер жүргізілді. Шығыстану факультетінің деканы PhD Ы.М.Палтөре құрметті қонағымызға шығармашылық табыс тілеп, арнайы алғыс хатпен марапаттады.

Ары қарай оқу >>

Шығыстану факультетінде «Тәжікстан республикасының мемлекеттік тілі» күні атап өтілді

10.10.2019

2019 жылдың 9 қазан күні Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ирантану бөлімі мен Тәжікстан республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен шығыстану факультетінің жанындағы Тәжік тілі және мәдениеті орталығында «Тәжікстан республикасының мемлекеттік тілінің» күніне арналған іс-шара өтті. Бұл іс-шараға Тәжікстан Республикасының Бас консулы Баходур Назир, факультет деканы Палтөре Ықтияр, кафедра меңгерушісі П.М. Сулейменов, "Сомониён" тәжік-қазақ конгресінің төрағасының орынбасары Иноят Валиев, жеке кәсіпкер Вахобова Насиба, ҚазҰУ-де оқып жатқан тәжік студенттері және Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушылары мен студенттері қатысты. Сондай-ақ, кеште тәжік студенттері тәжік тілінің ресми мәртебесі жайында баяндама жасады және ирантану бөлімінің студенттері парсы-тәжік классик-ақындары Омар Хайям, Саади, Сепехридің өлеңдерін оқыды. Кеш барысында болашақта орталықта жүзеге асырылатын бірлескен ғылыми-мәдени іс-шаралардың жоспарлары талқыланды.

Ары қарай оқу >>

Шығыстану факультетінде шетелдік студенттермен кездесу

07.10.2019

2019 жылдың 4 қазан күні Шығыстану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы факультетіміздің шетелдік студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуге факультет деканының ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, «Жас ғалымдар кеңесінің» төрағасы, кафедра меңгерушілерінің ғылыми-инновациялық және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасарлары қатысты. Декан, ең алдымен, студенттерді жаңа оқу жылымен құттықтап, әрқайсысымен жеке танысып өтті. Студенттердің арасында Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан республикасы, Біріккен Араб Әмірлігі және Иордания корольдігінің өкілдері болды. Декан шетелдік азаматтарға қатысты елімізде жүру тәртібі мен университеттегі оқу үдерісіне байланысты ережелермен таныстырып өтіп, кез-келген мәселелер туындаған жағдайда университет, факультет тарапы қолдау көрсетуге дайын екендігін, әрі шетелдік студенттермен тығыз байланыста болатынын атап өтті. Кездесу барысында студенттер оқу үдерісіне байланысты бірқатар мәселелерін айтып, факультеттің, жалпы университет басшылығының қолдау көрсетіп жатқанына өз ризашылықтарын білдірді.

Ары қарай оқу >>