Факультет тарихы

       1989 жылы 15 мамырда Қазақ ССР Үкіметі Жарлығымен құрылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті шығыс тілдерін меңгерген жоғары білікті мамандарды дайындайтын ірі орталыққа айналды. Бұл кезең егемен Қазақстанның мемлекеттілігінің қалыптасуы, шет елдермен ресми елшілік қатынастарының орнай бастаған тұсымен сәйкес келгендіктен, шығыстанушы мамандарға зәрулік туғаны заман талабы еді.

       Азия және Африка елдері тарихы мен араб тілі кафедраларының негізінде 1989 жылы құрылған шығыстану факультеті Шығыс елдері тарихы мен тілдерін оқытуда өзінің 40 жылдық тарихына сүйенеді.

       Алғашқы кезеңде жас шығыстану факультетіне маман оқытушылар мен оқу-әдістемелік құралдар жетіспеді. Факультетке Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан жоғары оқу орындарының шығыстану саласында білім алған мамандары мен шығыс тілінің төл иесі – шет елдік оқытушылар шақыртылды. Алғашқы түлектердің көбі факультет кафедраларында оқытушылық қызметке қалдырылды. Факультеттің құрылып, дамуы жаңа Қазақстан мемлекетінің құрылуымен қатар келді. Өтпелі кезеңнің ауыртпалығына қарамастан, ел үкіметі мен университет басшылығы факультеттің оқытушы-профессор құрамы мен материалдық базасының нығаюына, кітапхана қорының арнаулы әдебиеттермен толығуына үлкен көңіл бөлді. Ол, әсіресе 1990 жылдың 9 сәуіріндегі Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің Жарлығындағы С.М.Киров атындағы ҚазМУ шығыстану факультетінің оқу-материалдық базасын нығайтудың шараларында ерекше атап көрсетілген.

 

 

С.М. Киров атындағы ҚазМУ шығыстану факультетінің оқу-материалдық базасын нығайтудың ерекше шаралары. 1990 ж.

       Қазақстан шығыстануы әрі жаңа, әрі көне ғылым болып табылады. Ежелгі Қазақстан жерінде Шығыстың Әл-Фараби, ибн-Сина, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Мұхаммед Хайдар Дулати сынды ойшыл ғұламалары өмір сүріп, еңбек еткен. Ертедегі ғалымдардың дәстүрін өз шығармашылығында Шоқан Уәлиханов жалғастырды.

       Қазіргі отандық шығыстану ғылымы осы факультеттің құрылуының бастауында тұрған және 1989-1991 жылдары факультеттің бірінші деканы болған ірі дінтанушы-ғалым, арабтанушы, әдебиетші, сыншы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Жоғары Мектеп Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына төраға, Бас мүфти болған Әбсаттар Дербісәлінің есімімен тығыз байланысты.

Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов: 1991-1992 жж.

Чупеков Әбдуғали Әбсағиұлы: 1992-1995 жж.

Өтеген Күмісбай Күмісбаев: 1995-1996 жж.

Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы: 1996-2002-2005-2011 жж.

Сыздықов Сатай Сыздықұлы: 2002-2005 жж.

Жұбатова Баян Нұрсұлтанқызы: 2011-2017 жж.

Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы: 2017-2022 жж.

Ем Наталья Борисовна 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін

 

 

Бүгінгі Шығыстану факультеті – танымал қазақстандық ориенталистика орталығы, мұнда жоғары білікті педагог-мамандар жұмыс істейді, сапалы шығармашылық оқу-тәрбие үдерісі іске асырылуда, ғылыми зерттеулер жүргізіліп, мазмұнды да қызықты студенттік өмір өтуде.