Факультет жаңалықтары мен оқиғалары

Түлек тілегі

26.11.2019

Мен, Андирова Алина, ҚазҰУ 2019 жылғы түлегімін және де қазір бірінші курс магистрантымын. ҚазҰУ маған білім алуды, алған білімді сіңіруді, басқаға үйрете білуді, өзімді-өзім тануға , шыңдауға үйретті. Мен ҚазҰУ-ыммен мақтанамын! Қара шаңырақтың қол астында жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің арманын орындау үшін жағдайдың барлығы да жасалған. Керек десең үлкен заманауи кітапханасы, мұражайы, интернет орталығы, студенттерге қызмет көрсету орталығы және т.б. студенттер орталықтары бар. ҚазҰУ қалашығының өзін сипаттауға сөз жетпейді. ҚазҰУ – Қазақстанның болашағын дайындаушы негізгі орталық. Өйткені, университет түлектерінің көпшілігі Қазақстан қоғымының элитасын құрастырады және еліміздің даму бағытының қалыптасуына атсалысады. Бұл оқу орнының маңызды нәтижесі . Осындай киелі білім ордасының түлегі ретінде университетімді мақтан етемін және болашаққа нық сеніммен қараймын. Бакалавриат кезімде ҚазҰУ мен Хаджеттепе және Анадолы университеттерімен (Түркия) арасындағы коллаборацияға жəне түркітану бойынша біріккен оқу бағдарламасының болуына байланысты Түркияда Erasmus+ бағдарламасы аясында білім алу мүмкіндігіне ие болдым. Кәсіби дағдыларды дамытуға аса зор көңіл бөлетін университетте білім алу мүмкіндігіне ие болғаныма өте қуаныштымын. КазҰУ Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының құрметті аға оқытушыларына берген білімдері үшін алғысым шексіз.

Ары қарай оқу >>

ДҮНИЕЖҮЗІНДЕГІ ТҮРІКТЕРДІҢ БАСЫН ҚОСАТЫН КӨПІР – КІТАПХАНА

25.11.2019

Жалпы адамзаттық құндылықтармен адам арасында көңіл көпірін орнататын нәрсе ол- кітап. Классикалық кітаптар осының тамаша үлгілерінің бірі. Кейбір кітаптар ұлттардың өзіндік құндылықтарын сақтайды. Мехмет Каплан былай дейді: «Кітап оқудан жалыққан немесе бас тартқан адам өмірімен байланысын үзеді». Бұл өте дәл айтылған сөз. Бір жүректі басқа жүрекке, бір көңілді басқа көңілге, бір көзді басқа көзге, бір сөзді басқа сөзге жалғайтын кітаптар ең сенімді және ең қымбат көпірлер болып саналады. Оларды «алтын көпірлер» деп атасақ артық болмайды.

     Сонымен қатар кітапхананың мəдени шаралар мен бос уақытты тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар оқырманның күнделікті рухани қажеттіліктерін жан-жақты қанағаттандыруға, қалыптастыруға, арттыруға жəне тұлғаның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге арналған мақсатты түрде жүйеге келтірілген жұмыс болып табылады.

   Ендеше кезекті шараның бірі 20 қараша күні Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Түркияның «ILESAM» ғылыми әдеби еңбектер авторлары кәсіби бірлестігінің бастамасымен «Тамыры терең түбі бір түркі дүниесін жалғаушы рухани көпір болған кітап құндылығын – түркі мемлекеттерінің кітапханаларына табыстау» (Қазақстан) жобасы аясында әдебиеттерді сыйға тарту рәсімі өтті.

     ҚР Ұлттық кітапханасына келген делегация құрамында «ILESAM» Бас директоры Мехмет Нури Пармаксыз, Әзірбайжан Жазушылар Одағының өкілі Хаял Рза, Қазақстан Жазушыларының Одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек Түркістан, Түркия байланыстарының мәдени негіздері зерттеу арқылы бүгінгі проблемаларды шешу жолдарын табу үшін жаңаша тұжырым жасайтын әрбір кітап көпір қызметін атқарады. Себебі әр кітап тал бесіктен бастап көр бесікке дейін үйренуді талап ететін дәстүр өкілдері, әлемнің таңдаулы зиялыларының шығармаларын оқып, олармен жолдас болудың және пікірде, тілде, істе бірліктің белгісі екенін жеткізді.

Аталған шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і, Шығыстану факультеті Түрксой кафедрасының оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері «100 кітап» жобасы аясында осы іс-шараға қатысып, сыйға тартылған кітаптар туралы ақпарат алып, алдағы уақытта Түрксой кафедрасының студенттері арасында осы жобаның негізінде түрік тілінде көркем әдеби шығармаларды оқу және талдау мақсатында ортақ шаралар ұйымдастырылады.

Ары қарай оқу >>

Түрксой бөлімінде 29 қазан Түркия «Республика күнін» мерекелеу

25.11.2019

29 қазан күні жыл сайын Түркияда Республиканың құрылғанына байланысты өткізілетін мерекелік іс-шара бұл жылы да ерекше болды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Түрксой кафедрасы студенттерінің қатысуымен Түркия Республикасының 96 жылдық мерейтойы мәдени-танымдық сипатта атап өтілді.

Студенттер мерекелік шарада түрік халқының ұлттық дәстүрлері мен мейрамдарын, түрік елінің қонақжайлылығымен таныстырды. Бұл шараның ұйымдастырылуын «Шетел филологиясы» 2 курс студенттері жауапкершіліктеріне алды. Студенттер сабақта достарының көңілдерін көтеріп қана қоймай, түрік қонақжайлығын көрсете отырып тамақ, сусындарымен кеш қонақтарын қарсы алды.

Шарада 29 Қазан және Түрік Республикасының Ғази Мұстафа Кемал Ататүріктің жетекшілігімен басталған «Республика қалай құрылды?» атты қысқа метражды фильм көрсетіліп, соңынан кафедра оқытушылары мен студенттерінің арасында кішігірім сұхбат өткізілді. Сұхбат соңында екі елдің бауырластығының маңыздылығы мен болашақта олардың ынтымақтастығының одан әрі нығаюы туралы ізгі тілектер айтылды.

Түркия Республика күнін Алматыда өткізгенімізге қуаныштымыз.

Ары қарай оқу >>

«ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ АРАБ ӘЛЕМІМЕН ТІЛ, ТАРИХ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТ САЛАЛАРЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫСЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

25.11.2019

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті және Сауд Арабиясы корольдігі Абдулла Бин Абдулазиз атындағы «Халықаралық араб тілін қолдау орталығы», сондай-ақ басқа да әріптес ұйымдармен бірлесе отырып 2019 жылдың 19-қарашасында «Орталық Азия елдерінің араб әлемімен тіл, тарих және мәдениет салаларындағы байланысы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Адамзаттың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 85 жылдығына, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің 30 жылдығына арналған мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция ҚазҰУ-дің бас кітапханасы – Әл-Фараби кітапханасында өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультеті ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып отырған «Мәдени Мұра», «Халық – тарих толқынында», «Ұлы даланың жеті қыры» мемлекеттік бағдарламалары аясындағы мәдени іс-шараларға өз үлесін қосып келе жатқан бірден-бір факультет.

Конференция Шығыстану факультетінің деканы PhD Ықтияр Палтөренің ресми сөзімен басталып, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, шығыстану факультетінің негізін қалаған алғашқы деканы Әбсаттар Дербісәлінің құттықтау сөзімен жалғасты. Отандық шығыстану ғылымының негізін салушы, шығыстану факультетінің тұңғыш деканы ғалым Ә.Дербісәлі факультеттің алғашқы құрылған кезеңінен бергі тарихи сәттеріне тоқталып, әр жылдары факультетке басшылық еткен тұлғалардың факультет тарихындағы ерен еңбектерін атап өтті. Сонымен қатар, конференияны ұйымдастырып отырған Шығыстану факультетінің басшысы, PhD Ықтияр Палтөре мен факультет ұжымына, конференцияға келген қонақтарға деген ерекше ықыласын жеткізді.

Конференция аясында қазіргі шығыстанудың өзекті мәселелері мен концепциялары, Орталық Азия елдерінің араб әлемі арасындағы қатынастары тарихи және мәдени контексте қарастырылып, аймақтағы араб мәдениеті мен өркениеті, тілі мен дінінің таралу деңгейі кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, 2020 жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін Әбу Наср әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы республикалық жоспары аясында ұлы ғалымның жазба мұраларының шығыс дереккөздеріндегі орны мен рөлі талқыланды.

Мәдени іс-шара барысында Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филол.ғ.д, профессор Әбсаттар Дербісәлі, Шығыстану факультетінің деканы PhD Ықтияр Палтөре, Нұр Мүбарак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры Мухаммад аш-Шахат Абдулхамид Мухаммад әл-Жинди, Сауд Арабиясы корольдігі «Халықаралық араб тілін қолдау орталығының» профессорлары Бандар ибн Абдул Азиз ибн Фаһд әл-Ғумаиз, Махмуд ибн Абдулла ибн Абдул Азиз әл-Махмуд, Абду әр-Рахман ибн Ражи Аллаһ ибн Тифилан әс-Сулами, Абдулла ибн Ибраһим ибн Осман әл-Хақил, Абдулла ибн Руфуд ибн Рафид әс-Суфиани, Өзбекстан Республикасының ҚР-дағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев, Тәжікстан Республикасының ҚР-дағы Бас консулы Баходур Назир, ЕАР мәдени атташесі Ранда Ризқ Махмуд, Ташкент Мемлекеттік Шығыстану институтының проректоры Абдуллаев Нодир, Орталық Мемлекеттік архив директорының орынбасары Жылысбаева Марзия, Алматы қаласының Бас имамы Еркінбек Шоқай және өзге де конференцияға қатысушылар арасында құрылымдық диалог өрбіді. Конференция секция мәжілісі отырысының ғылыми баяндамаларымен жалғасты. Шара барысында «Орталық мемлекеттік архивтың» құнды қолжазбаларының көрмесі мен араб каллиграфиясы туындыларының көрмесі ұйымдастырылды.

 

Ары қарай оқу >>

Шығыстану факультеті «Үздік ұйымдастырушы» марапатына ие болды

23.11.2019

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Конфуций институтының ұйымдастыруымен 23 қараша күні «Музыка-біздің ортақ тіліміз» атты кезекті ән жыр байқауы өтті. Байқауда үш номинация бойынша жүлделер сарапқа салынды. Олар: «Қытай қылқалам каллиграфиясы» байқауы, «Алматы, сәлем!» микро бейне байқауы, «Музыка - біздің ортақ тіліміз» ән жыр байқауы. Байқауда Алматы қаласындағы қытай тілін оқытатын жоғары оқу орындарының студенттері өнерлерін ортаға салды.

Ары қарай оқу >>

Полиглотпен кездесу

19.11.2019

Шығыстану факультетінде 2019 жылғы 16 қараша күні факультет деканы Палтөре Ықтияр Молдатөреұлының бастамасымен студенттерге арналған керемет кездесу ұйымдастырылды. Студенттер еліміздің бетке ұстар полиглоты, ілеспе аудармашы Әмір Ордабаевпен кездесті. Тоғыз тілді жетік меңгерген отандасымыз студенттермен өз тәжірибесімен бөлісті.

Ағылшын, француз, испан, итальян және неміс тілдерін ана тіліндей игерген Әмір мырза қазіргі таңда қытай, түрік, парсы тілдерін меңгеруге бет бұруда. Студенттердің тілді үйренуге деген сүйіспеншілігін арттырып осы бағытта теориялық және практикалық білім қорын толықтыруын мақсат еткен кездесу студенттерге зор әсер қалдырды.

Кездесу барысында қонағымыз жаңа тілді үйренудегі түрлі тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісіп, студенттердің көкейтесті сұрақтарына жауап берді.

Ары қарай оқу >>

Сән - сіздің таңдауыңыз

15.11.2019

     Заман талабының сұранысына саласы жетік, адами құндылықты жанына серік еткен, айналасына сын көзбен қарап, қоғамдық өмірге белсене араласатын жастардың жаңа буынын қалыптастыру мақсатында Шығыстану факультеті, Түрксой кафедрасында, Аударма ісі және Шетел филологиясы мандығының 2 курс студенттері арасында, «Мәдени қарым-қатынастық контексіндегі базалық шет тілі» сабағында «Biz ve moda» атты пікірсайыс ұйымдастру, үздіктерді анықтап, ынталандыру мақсатында ашық сабақ өткізілді.

   Ашық сабақтың мақсаты: студенттерге шығармашылық жұмыстар орындату арқылы ой-өрісін, жоспар құру, шешендік өнер және жұрт алдында сөйлеу мәдениеті қалыптасқан талантты жастарды анықтау; студенттер арасында пікір-сайыстың деңгейін көтеру және сын тұрғысынан ойлауын дамыту; студенттердің жауапкершілігінің және танымдық қабілеттерін түрлі пікірталастар арқылы ортаға салу. Студенттердің коммуникативтілікке, сөйлеу мәдениетіне, сөз өнеріне, тұжырымды ойын түрік тілінде дәлелдей білуге баулу болып табылады.

Ашық сабақ аясында «Сән және мен» атты пікірталас өткізілді. Екі топ «Сән және медицина», «Сән және денсаулық», «Сән мен сұлулық» сияқты тақырыптарды талқылады.

   Біздің қатысушылар талқыланған тақырыпты терең білетіндіктерін және түрік тілін жетік меңгергендігін көрсетіп, барлығымызды қуантты. Ашық сабаққа қатысқан оқытушылар студенттердің қызу пікірталастары мен тілді меңгеру деңгейлеріне тәнті болды. Пікірсайыс соңында қатысушылар лайықты сыйлықтармен марапатталды.

     Құрметті қонақтарға ерекше алғысымызды білдіреміз Шығыстану факультетінің деканы Ы.М. Палтөре, кафедра менгерушісі Ү.Т.Кыдырбаева, тәрбие жөнінде орын., Монтанай Э.Ә., Шадкам З., Жанатаева К.Б., Теменова Г.К., Ильяс Н.Қ., Балоглу Селенай., Кабадайы Жерен Ахмет.

Ары қарай оқу >>

Пәкістанның рухани әкесі Аллама Мухаммад Икбалға арналған кеш

11.11.2019

2019 жылғы қарашаның 9-ы күні Университетіміздің Шығыстану факультетінде ұлы урду тілінің ақыны, философ, Пәкістан елінің рухани көсемі Аллама Мұхаммад Икбалдың туған күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бағдарлама Қазақстан Республикасындағы Пәкістан Ислам Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Имтиаз Ахмад Кази мырзаның, Пәкістан, Ұлттық Банкінің Басқарма Төрағасы Мұхаммад Раффик мырзаның және Қазақстан-Пәкістан Ассоциациясының Президенті, факультетте Мұхаммад Али Джинна Орталығының ашылуына үлесін қосқан Хабиб Ур Рахман мырзаның қатысуымен өтті. Шығыстану факультетінің деканы, PhD докторы Партөре Ықтияр Молдатөреұлы қонақтарды Мұхаммад Али Джинна орталығында қарсы алып, алғы сөз сөйледі. Елшілік тарапынан урду бөліміне кітаптар сыйға тартылды. Урду бөлімі студенттері дайындаған керемет концерттік бағдарлама Пәкістандық қонақтардың көңілінен шықты. Ұлы ақын Аллама Мұхаммад Икбалдың өлеңдерінен үзінділерді жатқа оқыған студенттерге марапат сыйлықтар табыс етілді. Бағдарлама соңында мерекелік дастархан жайылды. Икбалдың туған күніне арналған мерекелік тортты салтанатты кесу шарасы орын алды.

Ары қарай оқу >>