Малайзиялық қонақтар Шығыстану факультетінде

22.10.2019

Көрулер: 1864

Малайзиядағы Халықаралық ислам университетінің профессоры, PhD Хаслина бинти Хассан (Haslina binti Hassan) бастаған бір топ делегация әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Шығыстану факультетіне арнайы іссапармен келді.

Малайзия Халықаралық ислам университеті (International Islamic University Malaysia) әлемдегі озық үлгідегі исламдық жоғары оқу орны ретінде Малайзия үкіметі мен Ислам Ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) қолдауымен 1983 жылы 23 мамырда негізі қаланған. Үкімет астанасы Куала-Лумпурдан он үш шақырым қашықтықтағы Селенгор штатының Гомбак ауданында орналасқан Халықаралық ислам университеті (UIAM) ауқымды кітапхана қоры мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әйгілі. Қазіргі таңда университетте 14 факультет пен әртүрлі бағдарламалармен жұмыс жасайтын бакалавриат мамандықтары жұмыс істейді, сондай-ақ, магистратура мен докторантура бойынша білікті мамандар даярлайтын ғылым ордасы.

Профессор Хаслина бинти Хассан, доктор Низам бин Абдулазиз бастаған арнайы делегация Шығыстану факультетінің деканы, PhD Палтөре Ықтияр Молдатөреұлының арнайы қабылдауында болып, екі университеттегі шығыстану саласындағы білім мен ғылымның өзектілігі, шығыс тілдері соның ішінде араб тілін үйретудің маңыздылығы мен басымдықтары жайын сөз етіп, болашақта бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын, ортақ іс-шаралар ұйымдастырудың мүмкіндіктері жайындағы ойларымен бөлісті.

Малайзиялық делегация Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының оқытушы-профессорлары, студенттерімен кездесіп, Малайзия жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісінің ұйымдастырылуы мен білім алушыларға мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар, шетелдік студенттерге арналған халықаралық гранттар туралы айта келе, Халықаралық ислам университеті қабырғасында шығыстанушы мамандарды (соның ішінде араб тілін меңгерген) даярлайтын құрылымдық бөлімдер мен ғылыми-зерттеу орталықтар, шетелдік білім алушылар үшін жасалған жағдайлар туралы баяндап берді. Сұхбат соңында студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Малайзиялық арабтанушы ғалым, PhD Хаслина бинти Хассан Шығыстану факультетінің араб тілі бөлімінде оқып жатқан студенттерді қызықтырған Малайзиядағы араб тілі мен әдебиетін оқыту, шығыстанушы мамандар даярлаудағы озық тәжірибелері туралы баяндап, білім алушыларды Малайзия Халықаралық ислам университетінде білімдерін жетілдіруге мүмкіндітері бар екендігін, тәжірибе алмасуға болатындығын айта келе шығыс тілдерін үйретіп жатқан барша жастарға табыс пен сәттілік тіледі.