Әл-Фараби орталығы туралы

Әл-Фараби орталығы 1993 жылы 1 қаңтарда «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» республикалық ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік орталығы негізінде құрылды. Осылайша орталық 25 жылдан астам уақыт бойы ғылыми қызметті жүзеге асырып келеді. Әл-Фараби орталығы өзінің алғашқы құрылған күннен бері фарабитану мен жалпы Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Әл-Фараби мұрасын қазақстандық рухани мәдениеттің дамуын ұғыну контексінде зерттеу бүгінгі күні де өте өзекті.

2020 ж. 29 қаңтарда Қазақстанда әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу ресми түрде басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы күні жаңартылған Әл-Фараби орталығының тұсаукесерінен басталған бірқатар іс-шараларды өткізу құрметіне ие болды. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпы республикалық жоспарына сәйкес, 2020 жыл ішінде арнайы жобаларды іске асыру шеңберінде ғылыми білім беру орталықтары мен үй-мұражайларының қызметін үйлестіретін, дүниежүзілік фарабитанушы-ғалымдарды біріктіретін Халықаралық фарабитанушылар орталығын құру жоспарланған. Әл-Фарабидің ғылыми-философиялық мұрасын халықаралық деңгейде тарату үшін әлемнің 12 жетекші жоғары оқу орнында Әл-Фараби орталықтарының желісі құрылды, Стамбулда және Делиде Әл-Фараби мұражай-үйлері ашылды. Қосымша БАӘ, Болгария, Жапония, Литва және Египетте осындай орталықтарды ашу жоспарлануда.

Әл-Фараби орталығының миссиясы - әл-Фараби мұрасын зерттеу және насихаттау негізінде дүниетанымның интегралды құндылықтарын қалыптастыру, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ұлттық ғылыми білім беру және инновациялық кластерді қалыптастыру.

Әл-Фараби орталығының негізгі міндеттері:

•          фарабитану, қазақ және түркі философиясы саласында ғылыми-зерттеу қызметін жүргізу;

•          әл-Фараби трактаттарының аударма және баспа жұмысы;

•          әл-Фараби мұрасын сақтау, қайта құру және насихаттау бойынша таяу және алыс шетел мамандарының халықаралық ынтымақтастығы және күш-жігерін үйлестіру.

Қазақ философиясының тарихы, шығыс философиясы, әл-Фараби шығармашылығын зерттеу бойынша жұмыстары бүкіл әлемде кеңінен танымал қазақстандық ғалым, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ағын Қасымжанов Әл-Фараби орталығын құрудың идеялық бастамашысы әрі алғашқы жетекшісі болды.

 

al-farabi.kaznu.kz

 

al-farabi.kaznu.kz сайтының тұсаукесері ҚазҰУ-да Әл-Фараби жылының ашылуында өткізілді. Бұл сайт ортағасырлық философқа, ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабиге (870-950) арналған. Сайт тұжырымдамасының негізінде Invisible College («Көрінбейтін алқа») принципі бойынша фарабитанушы-ғалымдар, жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары, докторанттары мен дүниежүзінен ғалым мұрасымен танысуға ынталы барлық адамдарға институционалдық емес өзара іс-қимыл үшін интерактивті алаң құру идеясы жатыр.

Invisible College - «көрінбейтін алқа» деп аударылады және кез келген ұйым немесе мекеменің қатысуынсыз өзара іс-қимыл жасайтын, ортақ мүддемен біріккен тәуелсіз ғалымдар тобы деген мағынаны білдіреді.

Сайтта әл-Фарабидің мұрасы, еңбектерін зерттейтін әлемдегі 12 орталық, әйгілі фарабитанушылар және Әл-Фараби атындағы мұражайлар және т.б. туралы ақпарат жинақталған. Сайт пікірталас, білім беру және ақпараттық онлайн-алаң ретінде жұмыс істейді.

Сайтта көптеген пайдалы сілтемелер жинастырылған. Мысалы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қашықтан білім беру орталығы ұсынған «Әл-Фараби және қазіргі заман» онлайн курсына жазылуға болады. Курс тыңдаушылары әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы, онтология, логика, гносеология, натурфилософия мәселелері бойынша философтың көзқарастары туралы, сондай-ақ әл-Фарабидің әлемдік ғылым мен философия тарихындағы орны туралы білуге мүмкіндіктері бар. Курста AL Farabi university smart city ғылыми-инновациялық жобасының мәні ашылып, қазіргі заман дәуіріндегі әл-Фарабидің әлеуметтік-этикалық ілімінің өзектілігі көрсетілген. Курс жоғары оқу орындарының студенттеріне, магистранттарына, докторанттарына және ұлы философ Әбу Насыр әл-Фарабидің мұрасымен танысуға тілек білдіргендердің барлығына арналған.

Мамандандырылған бір ресурс базасында ақпаратты неғұрлым жүйелі және толыққанды ұсыну үшін қосымша функциялар мен мүмкіндіктерді іске қосу жоспарлануда.