Әлем ғалымдары әл-Фараби жайлы

 

«Әл-Фараби Аристотельдің «Физикасын» қырық рет, «Риторикасын»  екі жүз рет, «Жан туралы» атты кітабын  жүз рет оқыған екен. Неткен таңғаларлық еңбек!»

ГЕГЕЛЬ,
немістің ұлы философы


 

«Бүкіл мұсылман шығысының аса ұлы ойшылы әл-Фараби өзінен бұрынғылар тек шетпұшпақтап айналысқан көп мәселелер бойынша аса зор жұмыс тындырды. Бұл кемеңгер адам грек философиясының ең терең қырларына дейін бойлап, байыбына жетті. Сондықтан да шығыста философияны ғылыми зерттеуді шын мәнінде бастаушы кім дегенде, басқа ешкім де емес, тек соның есімі аталуы керек».

А. МЮЛЛЕР,
немістің шығыс зерттеушісі


 

«...Сол белгісіз болып келген ойшыл - шығыс философиясының атасы әл-Фараби еді».

И.МАДКУР,
араб философы


«Сән-салтанат қауымынан аулақта және олардың көзіне түспей, мұсылмандардың аса ұлы ойшылдарының бірі әл-Фараби өмір сүрді. Оның медицина және музыка жайлы еңбектері ғибрат аларлық асқан үлгілер қатарына қосылады. Ал араб философиясында сіңірген зор еңбегі оның заңғар есімін мәңгілік етті».

Х.А.ГИББ,
ағылшын арабисі


«Әл-Фараби көптеген сындарлы шығармалар туғызды. Фараби мұрасы ұшан-теңіз және сан алуан. Ол сол тұстағы бүкіл білім салаларын, этиканы, саясатты, психологияны, жаратылыстануды, музыканы оқып зерттеді.

Әл-Фараби тамаша математик болып, сол тұстағы теориялық медицинаның бүкіл қырларын жетік меңгерді. Ол музыка теориясы жөнінен көп еңбектер жазды. Композитор ретінде кеңінен мәшһүр болды, жаңа музыкалық аспап шығарды».

Е.Э.БЕРТЕЛЬС,
көрнекті шығыс зерттеушісі


«Әл-Фараби тек Аристотельдің үлкен білгірі ғана болған жоқ, ол ортағасырлық ой-пікірге аса жақын әрі аса қажетті іс - аристотелизмді неоплатонизммен байланыстыруды жүзеге асырды».

Н.И.КОНРАД,
көрнекті шығыс зерттеушісі


«Ортағасырлық ғылым тарихында өзінің ауқымды ғылыми жұмыстары, терең әрі жан-жақты энциклопедиялық білімі жөнінен әл-Фарабимен теңдесе алатын ғалымды табу қиын».

П.Н.ФЕДОСЕЕВ,
атақты орыс ғалымы


«Әл-Фарабидің өзінен кейінгі мәдениеттің дамуына, әсіресе Шығыс Орталық Азия, Қазақстан, Кавказ халықтарының мәдениеттеріне әсері жан-жақты әрі ұзақ болған еді».

Б.Ғ.ҒАФУРОВ,
көрнекті шығыс зерттеушісі