«Ғабит Ғибратты ғұмыр»
Көрулер: 1264
Қараша айының 30 күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінде қазақ халқының қарымды қаламгері, Социалистік Еңбек Ері, классик жазушымыз Ғабит Махмұтұлы Мүсіреповтің туғанына 120 жыл толуына орай «Ғабит. Ғибратты ғұмыр» атты әдеби кеш өтті. Кешті ұйымдастырған А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасы.

Әдеби кездесу қонақтары: ақын, Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей-кешенінің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Әділғазы Қайырбеков, Ғ. Мүсірепов атындағы Жасөспірімдер мен балалар театрының актері Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Қадірбек Демесінов, Қазақстан Жастар Одағы СЕРПЕР сыйлығының лауреаты Әсет Иманғали, "Мәдениет" саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Есенжанова Гүлзия Сәрсенқызы.

Кеш өте жоғары деңгейде өтті. Ғабең - өмірде де шығармашылықта да ғибратты да сырбаз ғұмыр кешкен тұлға. Кеш қонақтары жазушының шығармашылық кредосы жайында, жазушы ғұмырының қызық та қайшылыққа толы сәттері туралы, жазушы өмірінің оқырманға беймәлім тұстарынан көптеген мағлұматтар берді. Әдебиетіміздің алыбы Ғабит Мүсірепов шығармашылығын тұщына оқыған студенттер мен магистарант, докторанттардың сұрақтарына жауап берілді. Жазушы музейінде атқарлып жатқан игі істерден хабардар болдық. Музей басшысы университет кітапханасына бірнеше құнды кітаптар сыйға тартса, театр актерлері әнмен кешімізге әдемі көңіл-күй сыйлады.

Оқырманға рухани ләззат сыйлаған кештің берер тағылым көп болды.
Кешті А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті Құлжанова Бақытгүл Райханқызы және қазақ филологиясының 1-курс магистранттары ұйымдастырды.






