Мұқағали Мақатаев – жан мен жүрек поэзиясы

10.12.2021

Көрулер: 2419

«Менің поэзиям, егер мен өлсем, сен тірі жүр»- деп жырлап, өз ісін жанымен сүйген Мұқағали Мақатаев атамыз дүниеден ерте кетпегенінде, биыл 90 жасқа толар еді. Өзіне бұйырған 45 жыл ішінде ақын бар дүниетанымын, ақындық қасиетін қағаз бетіне түсіріп, қазақ әдебиетіне өзінің өшпес таңбасын қалдырды. Ғажайып ақынымыз кішкентай бала кезінен бастап қаншама қиыншылық көрсе де, мойымай өлең –жырға әуес болған. Бұл әрекетімен ол қазіргі таңдағы ұрпақты берілмеуге, арманына жетуге баулыды.

Елбасымыздың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының мақсатына сай, осындай ақиық ақындардың мерейтойлары жоғары деңгейде атап өтіліп, кез келген оқу орындарында осыған байланысты іс- шаралар көрініс табады.

Біздің Қазақ ұлттық университетіміз аталмыш іс- шараларды ұйымдастырудан қапы қалмай, әрқашан студенттерін тарихымыздағы көрнекті тұлғалардың өмірі және шығармашылығымен таныстырып отырады. Экономика және бизнес жоғары мектебінің 1-ші курс студенттері, оның ішінде логистика мен мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығында білім алып жатқан студенттер «Мұқағали Мақатаев – жан мен жүрек поэзиясы» атты іс- шара өткізді. Іс- шара 2021 жылдың 10 желтоқсанында Zoom платформасында өтті. Онлайн форматтағы сабақтың еш қиындығына қарамай, студенттеріміз өзін жаңа қырынан аша білді. Аталған іс- шара үш тілде көрініс тапты.

Іс- шараның көрермені болып М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен аталған университеттің «шетел филологиясы мен аударма ісі» кафедрасының аға оқытушысы А.Б. Есеева және де Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері тамашалады. Біздің университетіміздің «шет тілдері» кафедрасының оқытушылары, яғни ф.ғ.к. Қ.Ә. Айсұлтанова, аға оқытушылар Л.М. Алиярова, Л.М. Махажанова және З.А. Тілеуғабылова өткен іс- шараны жоғары бағалап, студенттерден байқалған поэзияға деген қызығушылықты ерекше атап өтті.

Мұқағали өлеңдері ұлттық поэзия мен адам болмысын ерекше бір белеске көтере алатын қасиетке ие. Оның поэзиясынан шабыт алған студенттеріміз іс – шарада Мұқағали ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, ән шырқады. Омаркулов Курбаналибек, Дінмұхамедқызы Жанерке мен Қасымханова Жанерке атты студенттер іс- шараны ағылшын, қазақ, орыс тілдерінде еркін жүргізді. Жусупова Аида мен Қыдырбаева Назерке ақын жайлы ерекше ақпараттар тауып, өз өнерлерімен бөлісті.

Ақын мұрасы, маржан поэзиясы- мәңгілік, болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы. Осыны түсінген ұрпақ болашақта елімізді қор қылмайды, керісінше мемлекетіміздің жағдайын жақсартып, өткен өмір мен болашақты сабақтастырып, кейіннен алдына қойған барлық мақсатына жететіні бізге мәлім.