25 қазан — Республика күні

23.10.2023

Көрулер: 286

Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттары аясында Халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар мамандығының 3 курс студенттерімен топ эдвайзері, доцент А.Р. Әліпбаев 23 қазанда – Республика күніне арналған арнайы дөңгелек үстел өткізді. Іс-шараның мақсаты: ұлттық мерекенің жаңғыруы, елдігіміздің болашағы жастар бойында тұрақты даму жолдарын айқындау.

Студенттер 25 қазан - ел тарихындағы маңызды сәт болғандығын ұғынып, сол кезеңдегі саяси ахуалды ой елегінен өткізе отырып, қабылданған аса маңызды құжаттың құндылығын түсінді. А.Р.Әліпбаев тарихи құжатты дайындаған азаматтардың замандасы ретінде естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінің 1990 жылы 30 қазандағы басылымдарымен студенттерді таныстырды. Олар Егемендік Декларациясының мәтіні басылып шыққан құнды басылымдар болып табылады. 

Мемлекеттің егемендік туралы Декларациясы 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен қабылданды. Онда ҚазКСР егемендігі жарияланып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілді. Сондай-ақ алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту сияқты мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу қағидаттары да жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. 

Осы декларацияның арқасында біз кеңестік заңдарды қолданудан бас тартып, өз Ата заңымызды құруға қадам бастық. Осы қағидаттардың негізінде – 1991 жылғы 10 желтоқсанда еліміз «Қазақстан Республикасы» - деген жаңа атауға ие болып, 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды.

Еліміздің  Тәуелсіздік алуына жол ашқан ақжолтай құжатты естен шығармайтындары жастардың еншісінде екендігі олардың білдірген пікірлері мен жалынды ойларынан байқалды.