ҚАЗҰУ АКАДЕМИКТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

01.03.2021

Көрулер: 1558

 

ҚАЗҰУ АКАДЕМИКТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫН АТАП ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚазКСР ҒА және ҚР ҰҒА академигі, көрнекті механик-ғалым, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының ғылымы мен жоғары білімінің ірі ұйымдастырушысы, ҚазКСР ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жолдасбеков Өмірбек Арысланұлының туғанына 90 жыл толуына орай бірқатар мерекелік шаралар өтті.

Академик Ө.А.Жолдасбеков – Қазақстан жоғары мектебінің дамуына негіз болған бірегей тұлға. 1970 жылы Өмірбек Арысланұлы 39 жасында ең ірі әрі көне жоғары оқу орны – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Ол басшылық еткен кезеңде университет КСРО-дағы үздіктер қатарына енді және жоғары оқу орындарының әлемдік қауымдастығына танылды. Оның есімі студенттерді даярлайтын жаңа мамандықтар мен ғылыми бағыттармен тікелей байланысты. Сондай-ақ ғалымның басшылығымен зертханалар, кафедра, ғылыми орталықтар мен Қазақстанның Ұлттық Инженерлік академиясы құрылды. Оның кезінде Қазақстандағы студенттердің символына және әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның ғылымы мен білімінің белгісіне айналған бірегей кампус – ҚазҰУ қалашығының негізі қаланып, салынды.

Академиктің 90 жылдық мерейтойына байланысты іс-шаралар ҚазҰУ қалашығында орналасқан Өмірбек Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы алдындағы ғалымның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатқа университет ұжымы, ғалымның туыстары, шәкірттері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.