Ағын Қасымжанов – ғалым-философ, фарабитанушы

24.11.2021

Көрулер: 1673

Шарада А.Қасымжановтың шығармашылығы мен тұлғасы, Қазақстан қоғамының рухани дамуы контексінде оның әл-Фарабидің зияткерлік мұрасын зерттеуге қосқан үлесі талқыланды.

Халықаралық дөңгелек үстелге философия ғылымының докторы, философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасының профессоры, Әл-Фараби орталығының ғылыми кеңесшісі Жақыпбек Алтаев пен философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев модераторлық етті.

Философия ғылыми мектебінің даму бағыттарын саралаған жиынға техника ғылым­ының докторы, Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, «Аргументы и факты» газетінің тілшісі (Ресей) Андрей Белобородов және PhD доктор, Огайо университетінің (АҚШ) профессоры Джеймс Петрик бейнеқұттықтау жолдады.  

Аралас форматта (онлайн, офлайн) өткен халықаралық дөңгелек үстел жұмысына 130-дан аса Қазақстаннан, жақын және алыс шетелдерден А.Қасымжановтың шәкірттері мен ғалымдар қатысты. Әсіресе философия мамандығына енді ғана оқуға түскен студенттер үшін бұл күн философтармен керемет кездесу күніне айналды. Олар Қасымжановтай дарынды философтың көз көрген шәкірттері мен әріптестерінің пікірлерін, естеліктірін ұйып тыңдап, ғалым мұрасымен тереңірек танысып, ізденулеріне үлкен мүмкіндік сыйлағанына қуанышты. Философия кафедрасының меңгерушісі Әсет Абайұлы болашақ философтарға алдыңғы буынның тәрбиелік мәні бар осындай шаралары алда да жалғасатынын атап айтты.

Философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Ағын Хайроллаұлы Қасымжанов әл-Фарабидің философиялық ойы мен мұрасы тарихының теориялық мәселелерін алғашқы зерттеушілердің бірі болды. Оның тікелей қатысуымен 1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан Әл-Фараби орталығы құрылды.

2003 жылдың қазан айынан бастап көрнекті ғалым, ойшыл, тәлімгер А.Қасымжановты еске алу мақсатында Философия кафедрасы А.Қасымжановтың туған күніне арналған «Қасымжанов оқулары» халықаралық конференциясын өткізеді. Биыл сегізінші мәрте ұйымдастырылып отырған дөңгелек үстел жұмысында философиялық ауқымды ойлар көтеріліп, ортаға салынды.

Философия кафедрасы