Докторант Серік Самиғұлұлы Бакиевтің алдын-ала қорғауына шақырамыз

02.10.2023

Көрулер: 468

Құрметті әріптестер!

Сіздерді молекулалық биология және генетика кафедрасы "8D05104 - Генетика" мамандығының докторанты Серік Самиғұлұлы Бакиевтің «Бактериофаг эндолизиндері және олардың бекіре тұқымдас балықтарының бактериялық қоздырғыштарын инактивациялаудағы тиімділігін бағалау» тақырыбындағы алдын-ала қорғауына шақырамыз!

Алдын-ала қорғау 6 қазан күні сағат 11:00-де 322 аудиторияда өтеді.

Аквакультура жағдайында бекіре тұқымдас балықтарды өсіру ихтиофаунаның биологиялық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді, сонымен қатар балық және балық өнімдерін өндіруге бағытталған. Өсіру жағдайларын оңтайландырудың арқасында бекіре балықтарының масса жинау және жыныстық жетілу кезеңі айтарлықтай қысқарады. Осыған байланысты бекіре тұқымдас балықтар аквакультурасының дамуында айтарлықтай өсу байқалады. Алайда аквакультураның дамуы бактериялық патогендер тудыратын қауіптермен қатар жүреді. Мысалы, Aeromonas және Pseudomonas тұқымдастарының бактериялық патогендері тудыратын аурулар балықтардың 100% өлімімен сипатталады. Қазіргі кезде қолданылатын антибиотиктер мен бактериофагтар бактерияларда антибиотиктерге төзімділік гендерінің болуына және оларда фагтар арқылы инфекциялауға төзімділік механизмдерінің дамуына байланысты тиімсіз болып отыр. Осыған байланысты дәріге төзімді бактериялық патогендермен күресу үшін жаңа шешімдер қажет, ал Серік Самиғұлұлы зерттеулерінде бұл шешім эндолизиндер болып табылады. Эндолизиндер пептидогликан гидролазалық белсенділігімен сипатталады. Эндолизиндердің белсенділігіне байланысты бактерия жасуша қабырғасының пептидогликандық қабаты бұзылып, бактерия өледі. Біздің зерттеу жұмысымызда эндолизиндердің дәл осы қасиеті зерттеліп, нәтижесінде зерттеуге алынған эндолизин белоктарын ауруға ұшыраған бекіре балықтарын емдеуде бактерияға қарсы дәрі ретінде қолдануға болатыны анықталды. Бұл әдіс өзінің тиімділігін дәлелдеді және аквакультура жағдайында қолдануға болады.