Астанада «ЖОО-ның үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті

04.03.2019

Көрулер: 2363

Астанада 2018 жылы «ЖОО үздік оқытушысы» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. 2018 жылдың «Үздік оқытушысы» атағын биология және биотехнология факультетінің деканы, биология ғылымдарының докторы, профессор Б.К. Заядан, оқу-тәрбие ісі жөніндегі деканның орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты, доцент З.А. Инелова, биология ғылымдарының кандидаты, доцент Л.К. Бақтыбаева иеленді. Сіздерге шығармашылық табыстар, жаңа жетістіктер және одан әрі биіктерді бағындыруды тілейміз!

2018 жылғы конкурсқа барлығы 481 үміткер қатысқан болса, олардың арасынан Қазақстанның 43 жоғары оқу орнынан 200 адам осы жоғары атаққа ие болды.

Байқауда үміткерлердің ғылыми-педагогикалық жұмысы келесі көрсеткіштер бойынша бағаланады: ағылшын тіліндегі оқулықтар, оқу құралдарын, монографиялар әзірлеу және жариялау, кәсіптік қызмет бойынша шет тіліндегі массалық-онлайн курстардан өту және т.б.

Сертификаттар мен төс белгілеріне қоса жеңімпаздарға арнайы қаржылай гранттар беріледі. Бұл гранттар иелері үшін әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, зерттеулер жүргізу үшін, өздерінің біліктілігі мен тәжірибелерін арттыруға арналған.

Әріптестерімізге жаңа инновациялық зерттеу әдістері мен әлемнің жетекші ғылыми ұйымдарымен табысты ынтымақтастықтар дамытуға және оларды факультеттің дамуына және өркендеуіне енгізуді тілейміз!

@А.Мелдебекова