«Project Battle» сайысы

20.04.2023

Көрулер: 968

 

Сәуір айының 20 жұлдызы күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рекреациялық география және туризм кафедрасының «Мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттерінің ұйымдастыруымен және кафедра оқытушы Нұрұлы Елдардың жетекшілігімен «Project Battle» атты сайысы өткізілді.

 

Аталмыш іс-шара «Қонақжайлылық маркетингі» пәні аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің кәсіби құзыреттіліктерін қалыптастыру және өз жобаларын дайындау, оларды таныстыру және аудитория алдында қорғау арқылы маркетинг саласында нақты практикалық дағдыларды бекіту.

 

Ашық конкурсқа қатысушы командалар түрлі креативті бейнероликтер мен шағын көріністерді көрсету арқылы өздерін таныстырудан бастады. Екінші кезеңде командалар өздерінің түпнұсқа жұмыстарын қазылар алқасының мүшелеріне тікелей таныстырды. Ұсынылған жобалар өзіндік бірегейлігімен, әртүрлілігімен және өзектілігімен ерекшеленетінін атап өткен жөн.

 

Іс-шарада сайысқа түскен командалық инновациялық жобалар:

  • Жас таланттарға арналған «Moon» шағын театры. Миссиясы – жас актерлерді шынайы сахнада өнер көрсетуге, соның есебінен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беру және актерлер мен өнер сүйгіш қауымға жаңа форматтағы мекеме ашу арқылы елдегі мәдени қозғалыстың дамуына ықпалын тигізу. Moon.pdf
  • «Reunion» гүлдерге тапсырыс беру онлайн мобильді қосымшасы. Миссиясы – бір мобильді қосымшада өз гүл композициясын құрастыруға, қалаған гүл дүкенін таңдауға және оны онлайн тапсырыс беру мен жеткізуге мүмкіндік бере отырып, тұтынушылар мен гүл сату бизнесіндегі адамдардың уақыттарын үнемдеу, ыңғайлылықты ұсыну. REUNION.pdf
  • Диабет ауруына шалдыққан жандарға арналған «Bonbon Sweet House» онлайн кондитерлік үйі. Миссиясы – түрлі аурулармен ауыратын, оның ішінде қант диабетіне шалдыққан адамдарға қойылатын шектеулерді бұза отырып, альтернативті шешімдер ұсыну, сондай-ақ, тұрақты өмір салты әлі де болса қалыптаспаған жасөспірімдердің дұрыс тамақтануына септігін тигізу және қант диабеті, аллергия, артық салмақ секілді аурулардың алдын-алу. bonbon.pdf
  • Балаларды қонақжайлылық саласына кәсіби даярлау «Qonaq.Orda» лагері. Миссиясы – өскелең ұрпақты қонақжайлылық саласына қызықтыру мақсатында кәсіби маман тапшылығын шешу, алғашқы IT-технологияларын қолданатын қонақжайлылық бағытындағы лагерьді дамыту және сол арқылы елімізде тиімді білім беру жүйесін құруға белсенді ат салысу. Qonaq.Orda.pdf
  • Жеке және спецификалық сұраныстарды орындауға арналған көпфункционалды «Flash service» платформасы. Миссиясы – елдегі жұмыссыздық деңгейін төмендету және клиенттердің жеке сұрауларын ақылы түрде орындауға болатын платформаны ұсыну арқылы халықтың осал тобына қолдау көрсету. FlashService.pdf
  • Жастарға арналған «Erkin qalam» анимациондық студиясы. Миссиясы – отандық анимациялық фильмдер арқылы қазақ ұлтының өткені мен бүгінін ұштастыру, халық арасында ұлттық қазынаны кеңінен тарату арқылы қызығушылық тудыру және жастардың шет елдің емес, отандық шығармашылыққа деген ынтасын ояту. Erkin Qalam.pdf

 

Қатысушы қонақтар мен қазылар алқасы сайысқа қатысушы студенттердің өте жоғары дайындықтарын және өзекті мәселелер қарастырылғанын тілге тиек ете отырып, өз әділ бағаларын беріп, сыни тұрғыда саралап, жобаны ары қарай дамыту және ілгерілету бойынша құнды да, маңызды ұсыныстарын берді.

 

Қазылар алқасы құрамы:

  • Рысмагамбетова Айна Акановна – география және табиғатты пайдалану факультеті деканның ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, PhD, доцент м.а.;
  • Моминов Серик Абдукаримович – география және табиғатты пайдалану факультетінің СҒЗЖ төрағасы, рекреациялық география және туризм кафедрасының оқытушысы, ғылым магистрі;
  • Сапиева Акмарал Женисбаевна – рекреациялық география және туризм кафедрасының СҒЗЖ төрағасы және аға оқытушысы, PhD Candidate.

 

Іс-шара соңында қазылар алқасына сөз кезегі беріліп, сайыс аясында ұсынылған әлеуметтік және бизнес идеялар қағаз жүзінде қалмай, оны әрмен іс жүзінде орындау қажеттілігі туралы айтылды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілей отырып, командалар дипломдар мен сертификаттармен марапатталды.