Қазақ тілінде сөйле, әлемді таң қылып, Қазақстан - тәуелсіз ел мәңгілік!

14.04.2023

Көрулер: 545

ҚР ЖОО-дағы өзге ұлт (түркі тілдес емес) студенттерінің мемлекеттік тілді білуімен қатар халқымыздың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарды тану деңгейін көтеру мақсатында 2023 жылдың 14 сәуірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология факультеті, Ақымет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілінде сөйле, әлемді таң қылып, Қазақстан - тәуелсіз ел мәңгілік!» атты дәстүрлі, республикалық зияткерлік-танымдық ОЛИМПИАДА өтті.

          Республикалық олимпиадаға Ақымет Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д. профессор Салқынбай Анар Бекмырзақызының төрағалығымен Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті Тілдер кафедрасының қауымдастық профессоры, ф.ғ.д. Ақыжанова Ақмаржан Тәсібекқызы және С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті, Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Төлеубек Қизатұлы қазылық жасады.

          Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Тұран» университеті, Кенжеғали Сағадиев атындағы "Халықаралық бизнес" университеті, Каспий қоғамдық университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс Академиясы, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті студенттері талабы мен талғамы дара білім додасында бақ сынады.

          ҚР бойынша ЖОО-дан 31 студент олимпиадаға қатысуға өтініш білдірді. Соның ішінде Штейнпресс Александра (неміс), Арестова Ксения (орыс), Русяновский Леонид (украин), Ню Ванесса (кәріс), Сачакова Сюзанна (еврей), Лис Валерия (орыс), Левен Луиза (орыс), Юн Анжела (кәріс), Шилова Алина (орыс), Добрыднева Екатерина (орыс), Сизова Дарья (орыс), Очеретин Максим (орыс), Те Карина (кәріс), Игоревич Рифкат (еврей), Шаронова Арина (орыс), Бессонный Денис (орыс), Кириллов Олег (орыс) олимпиадаға қатысуға мүмкіндік алды.

          Республикалық олимпиада «Дұрыс мамандық таңдау – жарқын болашақ кепілі», «Ұлт құндылығы тілінде, сөйле қазақ тілінде», «Ұтқыр жауап» деп аталатын теориялық және практикалық тапсырмалардан тұратын 3 кезең бойынша өтті.

          Олимпиада қойылған сұрақтарға студенттер талапқа сай дайындықпен келді. Жеңіске ұмтылған бірінен бірі оза шабатын кіл мықтылардан ең мықты анықталды.

          Олимпиадада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Каспий қоғамдық университеті, «Тұран» университеті, М.С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университеті студенттері қазылар алқасының шығарған қорытындысы бойынша жүлделі орындарға ие болды.

          Жеңімпаз студенттерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар беріліп, студенттерді талапқа сай дайындаған жетекшілеріне алғыс хат табысталды. Олимпиадаға қатысқан барлық студенттерге сертификат берілді.