Әдебиетші-ұстаз, жазушы, аудармашы Аслан Жақсылықов - “TARZHIMAN” клубта қонақта

16-ақп-23

Көрулер: 590

2023 жылы 16 ақпанда филология факультетінде белгілі аудармашы, жазушы, әдебиетші-ұстаз Аслан Жақсылықовпен шығармашылық кездесу өтті. Кездесу кешін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасындағы “TARZHIMAN club” жас аудармашылар клубының ұйымдастырды. Аслан Жәмілұлының өмірбаяны мен шығармашылығы бойынша презентация таныстырылды. Профессор Аслан Жақсылықов «Көксерек» әңгімесінің бірінші нұсқасы еркін аударма екенін, біраз беттері аударылмаған, өз тарапынан қосқаны (аударған А.Пантиелев) жөнінде әңгімеледі. Кейіннен Мұрат Мұқтарұлы Әуезовтің тапсырысымен осы туындыны барлық кемшіліктерін түзете отырып, өзі аударып шыққанын, аудару кезіндегі қиындықтарды атап өтті. Сондай-ақ, болашақ аудармашыға қажетті қасиеттер, еңбекқорлық жөнінде қызықты тәжірибесімен бөлісті. Студенттер тарапынан аудармашыға көптеген сұрақтар қойылды. Аслан ағай «Аудармашы ең алдымен, өз ана тілін жүз пайыз білуі керек» деп қадап айтты.

Сондай-ақ, аудармашы «Қан мен тер», «Ақ боз үй» романдарын аудару тәжірибесі, идиомалар аудармасының қиындығы мен қызығы жөнінде ой бөлісті.

Кездесуде студенттер М. Әуезовтің «Көксерек» шығармасына жасаған аудармаға дейінгі талдауларын оқыды. 2 курс студенттеріне әңгіме үзіндісін аудару тапсырылды. “TARZHIMAN” мүшелері Әкімжан Әсел, Оралханов Нұртас, Ескалиева Камила, Өмірзақ Саятбек, Әділханова Әсем, Ауқатова Камила, Жасенова Мәдина т.б. белсене араласты. "Аударма ісі" студенттері «Көксерек» шығармасының үзінділеріне салыстырмалы талдау жасады. Клубтың ғылыми жетекшісі, доцент Л.Ж.Мұсалы өз сөзінде көркем тәржіманың ерекшелігі туралы айтып, «Аударма ісі» бөлімінің 1-2 курс студенттеріне мәтінді аудармаға дейінгі талдаудың маңызын атап өтті. Кездесу соңында шетел филологиясы жәнен аударма ісі кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Айгүл Алпысбаева студенттер атынан ұстаз-ғалым Аслан ағайға үлкен алғыс білдіріп, табыс тіледі.