Жоғары білім берудегі жасанды интеллект

07.11.2023

Көрулер: 381

2023 жылдың 3 қарашасында «Халықаралық қатынастар» мамандығының 2 курс студенттері Амир Серікхан, Василий Тзаферий мен Аделина Аманбаева эдвайзер, аға оқытушысы А.Р.Өтегеновамен бірге «Жоғары білім берудегі жасанды интеллект» туралы университет аралық іс-шараға қатысты. Іс-шараны Алматы Менеджмент Университеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ХҚФ халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы, С.Д. Асфендияров атты ҚазҰМУ және UIB Университетімен бірігіп ұйымдастырды.

Талқылау алдында студенттер өздерінің оқу топтарында жасанды интеллектті (ЖИ) қолдану туралы сауалнамалар жүргізді. Студенттердің 60-80% ChatGPT және басқа ЖИ құралдарын негізгі тапсырмаларды орындау үшін пайдаланатынын жасырмаған. Тіпті студенттер кейде ЖИ қате ақпарат беретінін біле тұра, оны пайдалануды тоқтатпаған. Өйткені ЖИ тапсырмаларды дер кезінде орындауға мүмкіндік береді. ChatGPT-ті білім беруде пайдалану қоғамда этикалық алаңдаушылық туғызатыны анық. Пікірталас барысында жасанды интеллектті қолдану туралы оқытушылар мен студенттер әртүрлі ойларымен бөлісті. Кейбірі ЖИ-ті пайдалануға тыйым салу керек десе, енді бірі оны қолдануды тоқтату мүмкін емес деген пікір білдірді. Талқылау барысында оқытушылардың да, студенттердің де ЖИ туралы білімдері жетіспейтіні белгілі болды. Жалпы, пікірталас білім беру саласында ЖИ туралы толық ақпарат алуға және оның мүмкіндіктерін түсінуге ықпал етті.