«Адамзат тарихына Әл Фарабидің қосқан үлесі» атты 1-ші халықаралық конференцияcы

12.10.2023

Көрулер: 215

Конференцияға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев онлайн қатысып, конференцияны қатысушыларына құттықтау жолдады.

Сонымен қатар, ИСЕСКО жанындағы Ислам әлемі университеттерінің федерациясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Конференция жұмысына Қазақстан тарапынан Ғылым және жоғары білім министрлігінің вице министрі Ақатов Камиль Ерғалиұлы қатысып сөз сөйледі. Сонымен қатар тағы да бірқатар ИСЕСКО ұйымына кіретін елдердің өкілдері, басшылық, ғылым және білім саласындағы ғалымдар қатысты. Конференция барысында әл-Фараби мұрасына арналған зерттеулерге байланысты жарияланған конкурстың, зерттеулердің нәтижесі бойынша құттықтаулар жасалынды.

Конференция жұмысының аясында университетіміздің Халықаралық Әл-Фараби орталығы фарабитанулық зерттеулерге арналған кітаптар көрмесін, бейнебаян, бабамыздың мұрасына арналған фотокөрмесін үйымдастырып, ИСЕСКО өкілдеріне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жасалынып жатқан зерттеулер бойынша кең таныстырылым жасады.

Халықаралық бұл басқосу ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының қолдауымен өтті. Ғылыми шараға университетіміздің фарабитанушы ғалымдары философия ғылымдарының докторы, профессор Айнұр Дүрбелеңқызы Құрманәлиева, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақып Алтайұлы Алтаев, философия ғылымдарының докторы, профессор Нағима Жаулыбайқызы Байтенова, Сәмет Байжұма қатысып, баяндамалар жасады. Алқалы жиынның қазақ топырағының перзенті, әйгілі ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің өлшеусіз еңбегіне арналып отырғаны тарих пен ғылымға, ғұламаға деген құрмет. Ұлы ойшыл мұрасын әр қырынан зерделеуге арналған басқосудың Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымының қарашаңырағында өтуінің де символдық мәні зор.

Әл-Фараби ‒ әлемдік өркениеттің қанатын кеңінен жайып, көркеюіне ықпал еткен интеллектуал ой тарихындағы басты тұлғалардың бірі әрі бірегейі. Мәдениеттер мен өркениеттердің өзара араласуы мен сұхбаттастығын өркендетуге негіз қалаған ойшыл мұрасы бүгін де аса өзекті. Конференция барысында Әл-Фараби және оның адам философиясына әсері; Әл-Фарабидің ғылым философиясы және саяси философия саласындағы теориялары; Әл-Фараби музыкасының философиясы және оның эстетикасы; Бүгінгі Әл-Фараби зерттеулерін жаңарту мәселелері талқыланды.