ҚазҰУ-да 2023 ЖЫЛДЫҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАЗҒЫ МЕКТЕБІ БАСТАУ АЛДЫ

20.08.2023

Көрулер: 219

Жыл сайын психологиялық мектептерге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден қатысушылар, студенттер, докторанттар, магистранттар, тәжірибелі психологтар жиналады. Қазақстан, Өзбекстан (Орталық Азия), Польша, Германия, Болгария (Еуропа), АҚШ және басқа да елдердің атақты психологтары мен педагогтары кәсіби шеберліктің сырымен бөліседі. Психологиялық мектептің айрықша ерекшелігі –психологиялық ғылымның өзекті мәселелерін шешудегі қолданбалы аспектілерін айқындау және тиімділігін арттыру.

Биылғы жылы жазғы мектеп тренингтерінің тақырыптары "Мықты денсаулық және әл-ауқат" (3 ТДО) және "Сапалы білім" (4 ТДО) тұрақты дамуының үшінші және төртінші мақсаттарымен сабақтастығы айқын. Психологиядағы адамның өмір бойы даму ресурстарын оңтайландыруға, адамның физикалық және психикалық денсаулығын үйлестіруге бағытталған ресурстық амалдары зерттелді.

Психологиялық мектеп алаңында тәжірибелі психолог- практиктер, жас мамандар тәжірибелермен алмасып, білім беру сапасын арттыруға ықпал етуде. Мектеп жұмысының барысында түрлі психологиялық тренингтер қатысушылардың кәсіби білімін арттырып, тәжірибесін толықтырды деуге негіз бар.

Жазғы психологиялық мектептің ұйымдастырушысы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің жалпы және қолданбалы психология кафедрасы және психологиялық технологиялар мен инновациялар орталығы (қол. д.психол.Н.Фатима Сағымбекқызы Тәшімова, жетекші жаттықтырушы – PhD докторы Айдана Ризулла).

Жазғы мектеп 2023 жылдың 16 тамызында "Білім беру жүйесінің ресурстарын оңтайландырудың психологиялық-педагогикалық факторлары" атты халықаралық дөңгелек үстелден басталды. Аталған шараға философия және саясаттану факультетінің деканы Б.Б. Мейрбаев, шетелдік ғалымдар: психология ғылымдарының докторы, профессор Войцех Кулесза (Варшава әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар университеті, Варшава, Польша) және профессор Дилбар Гафуржановна Мұхамедова (Өзбекстан ұлттық университеті, Ташкент, Өзбекстан) қатысуда. Сондай-ақ, факультет деканының ҒИҚ және ХБ жөнінен орынбасары А. Б. Альчимабева, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының меңгерушісі А. К. Мыңбаева, кафедра меңгерушісінің орынбасары З. М. Сәдуақасова, доцент м. а. Ж.К. Рысбекова, Алматы қаласы бойынша құтқару қызметінің тәжірибелі психолог маманы Б. Ж. Амирова, "SELF" психология орталығының директоры Б. Қ. Ақанова, магистранттар және докторанттар.

Жазғы мектептің алғашқы шарасы ҚазҰУ-дың әл-Фараби ғылыми кітапханасында өтті. Дөңгелек үстел барысында Войцех Кулесза халықаралық психологиялық зерттеулер жүргізу және олардың нәтижелерін Скопус деректер базасында жариялау бойынша тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар коучинг және отбасылық трансактілі психоконсультация бойынша тренингтер өтті.

Жазғы мектептің жалғасы Алатау бөктерінде орналасқан Әсем-Тау санаторийінде өтті. Шетел ғалымдарының тәжірибелік жұмыстарымен қатар университетіміздің белді психолог жаттықтырушылары пс.ғ.д., профессор Ф.С. Ташимова  «Өмірлік қиындықтарды жеңу психотехнологиясы» тренингтерін, PhD докторы Айдана Ризулла жағымсыз эмоцияларды басқару техникасы бойынша шеберлік сағаттарын, психолог А. Тастанова тыныс алу практикасы бойынша психологиялық жаттығулар және т.б. көптеген практикалық құндылығы жоғары әдістемелермен бөлісті.

Халықаралық жазғы психологиялық мектепке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген тыңдаушылар, сондай-ақ Ташкент қаласындағы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалынан 9 тыңдаушы келіп, топтық жұмыс көрсетті және кері байланыс жұмыстарына белсене қатысты.

Психологиялық мектеп барысында достық және іскерлік ахуал орнады, тыңдаушылар белсенді сұрақтар қойып, пікір алмасып, оң энергиямен бөлісті. Халықаралық жазғы психологиялық мектеп пен дөңгелек үстелге қатысушылар жағымды эмоциялар, жақсы көңіл-күй, жаңа білім алып, жаңа дағдылар мен құзыреттіліктерді үйренді.