Философия апталығы аяқталды

25.11.2021

Көрулер: 2224

17 қарашада Философия кафедрасы К. Сағадиев атындағы Халықаралық Бизнес университетінің Әлеуметтанулық ғылымдар кафедрасы, «Жолшы» студенттік философия клубымен бірлесе отырып «ХХІ-ғасырдағы философия: философтардың көзқарасы» тақырыбында республикалық ғылыми форум өткізді. Философиялық форум алаңда қазіргі кезде философия ғылымының алдында тұрған көкейтесті сауалдар, адамзат бетпе-бет келіп отырған өзекті мәселелерге қатысты философтардың көзқарасы талқыға салынды. Дәл осы күні «Қоғамдағы философ мәртебесі» тақырыбында республикалық танымдық-тәрбиелік дөңгелек үстел де мерекелік апталықты жандандыра түсті.

Философия және өзге де мамандық білімгерлерінің қатысуымен 19 қарашада «Философия қоғам мен адам өмірінде» тақырыбында республикалық ғылыми семинар, 12 қарашада «Қазақстандық экософиялық мәселелер» тақырыбында Алматы қаласы бойынша мемлекеттік экологиялық инспектор Дінмұхаммед Лесбековпен онлайн кездесу, ал 15 қарашада Философия кафедрасының «IDEA» жас философтардың ғылыми клубының ұйымдастыруымен «Философия – таңдау және мамандық тақырыбында» ОҚМПУ аға оқытушысы, философ, коуч Байдлаева Ақмарал Қауржауқызымен ақпараттық-танымдық кездесумен жалғасын тапты.

18 қарашада «Философ бақыты, әлде философ бақытты ма?» тақырыбында философия ғылымдарының докторы, профессор Тайжанов Алтай және философ-жазушы Дидар Амантаймен, 15 қарашада «Дін мен дәстүр үндестігі» тақырыбында философия кафедрасының аға оқытушысы, дінтану магистрі Тасболат Асылтаймен, 18 қарашада «Аударма және философия» тақырыбында философия ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия кафедрасының меңгерушісі Құранбек Әсетпен, 25 қарашада «Әлемдік білім кеңістігіндегі философия» тақырыбында философия кафедрасының түлегі, Ондокуз Майыс университетінің түлегі Жанықұлов Нұрбекпен онлайн кездесулер өтті.

2005 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 33-ші сессиясында бекітілген, Дүниежүзілік философия күні, әсіресе жастар үшін философияның маңыздылығын көрсету мақсатында жарияланған. Философия – сыни және тәуелсіз ойлауды ынталандыратын, дүниеге көзқарас қалыптастыратын рухани мәдениет шығармашылығы және төзімділік пен бейбітшілік идеалдарын насихаттайтын ғылыми пән.

 

Философия кафедрасы