Дүниежүзілік философия күні

19.11.2020

Көрулер: 1938

Философтардың пандемия хақындағы толғанысының өзектілігі күн өткен сайын үдеп келеді. Ол бүгінгі хал-ахуалымызға қатысты күдік-күмәннің ұлғая түсуінің салдарымен де сабақтасып жатса керек. Әлеуметтік һәм кәсіби қаракетіміз ғана емес, күнделікті тыныс-тіршілігімізге де індеттің әсері айрықша болып тұр. Осы орайда біз, философтар мен ғалымдар, қазіргі дағдарыстың әр аймақтағы өзіндік өрнегі мен өрбуіндегі терең айырмашылықтарды және оның зардабының да әрқилы болуының ықтималдығын естен шығармағанымыз жөн.

Індет тоқтап, қалыпты өмірге ораламыз деген үмітіміз жоқ емес. Алайда қоғаммен қарым-қатынас һәм өзара сенім жайлы сөз қозғамаған күннің өзінде, ұзақ мерзімді перспективада денсаулық сақтау, әлеуметтік қатысу, гендерлік теңдік, нәсілдік әділдік, тұлға құқына әділетті қолжетімділік сияқты негізгі қажеттіктерге ықпал-әсері біз ойлағаннан да терең болуы бек мүмкін. Мәдениеттер арасындағы сезімталдық пен өзара байланысқа мұқтаждығымыз бұрынғыдан да арта түсті. Осы орайда философтардың гуманистермен бірге, өткеніміз бен бүгінімізді ой сарабына салумен қатар, келешекте ғұмыр кешкіміз келетін дүниенің әлеуметтік һәм мәдени жол-жосығын да байыптап, ұсынарына сеніміміз зор. Індет адамдардың, яғни біздің тіршілігіміздің бастауы ‒ табиғаттың нәзіктігі мен тұрақтылығынан бастап, бостандық һәм қайғы-қасірет пен айырылу, ақыр-аяғында бүкіл күш-жігерімізді жинап, түсіну арқылы мұндай бостандықтың моральдық талаптарының түйінін қалай тарқататынымыз жайлы да ой толғауымызға азық болатындай сабақ берді. Бұл тұрғыда біз, философтар қауымы, өз ортамыздағы ахуал мен өзекті үрдістерді тереңірек түсіну жолындағы білігімізді шыңдап, ынтамызды арттыра түсуге ұмтылғанымыз абзал. Күйкі тірліктің күйбеңінен бір сәт арылып, айналамызға зер салып, келешекке көз жүгіртсек, бізді, бізден кейінгі буынды экономикалық, технологиялық, саяси һәм рухани дүниемізде не күтіп тұрғанын одан әрі зерделеудің толғақты әлеуметтік қажеттігі шүбә туғызбайды.

 

Сіздерге Дүниежүзілік философия күнінің шығармашылықпен өріліп, жемісті болуын тілеймін.

 

Құрметпен: Халықаралық философиялық

қоғамдар федерациясының президенті

Лука Мария Скарантино