Факультет ғалымы аудан мектептерінің биология және химия пәндері мұғалімдерінің семинарында дәріс оқыды

20.02.2023

Көрулер: 574

Түркістан облысының Түлкібас ауданы білім беру департаментінің ұйымдастыруымен 2023 жылдың 17 ақпанында осы ауданның Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде аудан мектептерінің биология және химия пәндері мұғалімдерінің семинары өтті. Семинардың жұмысына аудандық білім беру департаментінің бас әдіскері Амангельдиев Ерғазы мен семинарға арнайы шақырылған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің белгілі ғалым-педагогы Әділ Ережепұлы Ережепов қатысты. Семинарда аталмыш пәндер бойынша ашық сабақтар өткізіліп, оның нәтижелері талқыланды. Жұмыс барысында, оқытушылардың қалауы бойынша, Ә.Ережепов «Тыныс алу. Жасушадағы энергия түзілуінің механизмдері» тақырыбы бойынша дәріс оқыды.

10 және 11 класс оқушылары химия және биология бойынша бірнеше тәжірибелер жасап, өздерінің ғылымға деген қызығушылықтарын көрсете білді. Тәжірибелер жоғары деңгейде орындалып, семинарға қатысушылардың көңілінен шықты.  

Мектепте Ә.Ережепұлының ғылыми еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, автор оқушылар мен оқытушыларды өзінің еңбектерімен таныстырды. Бірнеше оқулығын салтанатты түрде мектеп кітапханасына тапсырды. Сонымен бірге семинарға қатысушылар қазіргі білім мен ғылым салаларының жағдайлары, мектептегі биология және химия пәндері бойынша жүргізілетін практикалық сабақтардың сапасы мен жабдықталуы төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Аудандық білім бөлімінің бас әдіскері ұстаздардың біліктілігін арттырудағы бұл семинардың нәтижесі мен маңызын жоғары бағалады.