«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев жас ғалымдармен және жас ғылымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесті

04.03.2021

Көрулер: 1603

ҚазҰУ жас ғалымдарының білім ордасының дамуындағы рөлі, олардың шығармашылық жобалары мен бастамаларын қолдау және ғылыми идеяларын талқылау мақсатында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор Жансейт Түймебаев жас ғалымдармен және жас ғылымдар кеңесінің мүшелерімен арнайы кездесті.

Әңгіме барысында оқу орнының басшысы Жансейт Түймебаев соңғы жылдары ғылым саласы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналғанын атап өтті. Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылымды қажетсінетін экономика құру мақсатын алға қойғанын, бұл тапсырманы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғастырып отырғанын жеткізді. Президент Жолдауына сәйкес, ғылым мен білімді экономиканың жекелеген салалары ретінде қалыптастыру қажеттігін алға тартты.  

«Құрылғанына 90 жылға таяп қалған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстанның жоғары білімі мен ғылымының флагманы, жоғары білікті кадрлар мен ғылыми жаңалықтардың ортасына айналды. Осы тұрғыда қазіргі әлемде университеттің рөлі мен үлесін білім беру функциясы ғана емес, сонымен қатар ғылыми-инновациялық бағыты қоса анықтайды.

Әлемнің көптеген жоғары дамыған озық елдеріндегі университтің жетістіктері мен инновациялық экономиканың даму көрсеткіштері «үштік спираль» моделін пайдалана отырып, өндіріс орталықтарындағы патенттер мен коммерциаланған технологияларды енгізу болып табылады. Осылайша, мемлекет қоғамға тиімді жағдайлар жасауға бағытталған ғылыми зерттеулерге, университеттерге инвестиция салудан пайда көре алады» деді өз сөзінде ректор.

Бүгінгі таңда жоғары білім мен іргелі ғылымның қара шаңырағында 40 жасқа дейінгі 311 жас ғалым жұмыс істейді. Олардың көпшілігі әлемнің жетекші университеттері мен орталықтарында тағылымдамадан өткен. Жас зерттеушілердің ғылыми жетістіктері Қазақстанда және одан тыс жерлерде жоғары бағаланып келеді.

Келесі кезекте білім ордасының жас ғалымдары мен университеттегі жас ғылымдар кеңесінің мүшелері өз ойларын ортаға салып, ұсыныс тілектерімен бөлісті.

Шара соңында басқарма төрағасы – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев кездесуге қатысушыларды алдағы уақытта да өзара пікір алмасуға, жас ғалымдарды қолдаудың қосымша шаралары мен тетіктерін бірлесіп әзірлеуге шақырып, ҚазҰУ ғылымы мен инновациясын одан әрі дамыту үшін идеялар мен ұсыныстар дайындауды тапсырды